Оңтүстіктің кәсіпкерлері үшін Мәскеуден сауда-логистика орталығы ашылады

185
Шымкенттік өнімдер енді Мәскеудегі логистикалық орталықта сатылады

 Күнгей диқандарының бақша өнімі Мәскеу жәрмеңкесінде сатылғаны белгілі. Ресейліктер Оңтүстіктің жеміс-жидегі мен қауын-қарбызына тәнті болды. Осыған разы болған Мәскеу облысының басшылығы біздің кәсіпкерлерге арналған тұрақты сауда-логистика орталығының салынуына келісім беріп отыр.

Шымкенттік өнімдер енді Мәскеудегі логистикалық орталықта сатылады
Бұйыртса, енді Оңтүстіктің өнімдері арнайы сауда орталығында сатылады

 Сапарбек Тұяқбаев, ОҚО әкімінің орынбасары: «Қазір ғана Мәскеу облысының губернаторымен келістік. Олар жер телімін беретін болды. Біз ірі жобаны іске асыруды жоспарлап отырмыз. Негізгі мақсат — біздің экспортты ары қарай дамыту, біздің кәсіпкерлердің тауарларын сақтайтын қоймалар, тұрақтар салу.»

Бұл бастама Ресей өкілдерін де қызықтырып отыр. 20 миллионнан астам тұрғыны бар бір ғана Мәскеу қаласы жылына 12 миллион тонна жеміс-жидек пен көкөніс тұтынады. Сондықтан, арзан әрі сапалы Қазақстаннан жеткізілген өнім оларға да тиімді.

 Андрей Воробьев, Мәскеу облысының губернаторы: «Бұл жоба бізге өте ұнап отыр. Қазақстанның сапалы көкөніс пен жеміс-жидегін мәскеуліктер де пайдалана алады. Сондықтан, жобаны жүзеге асыру үшін 100 гектар жер бөлініп, арнайы жұмыс тобы құрылады.»

Айта кету керек, осы жолғы сапар аясында Оңтүстік Қазақстан облысы мен Ресей Федерациясы өкілдерінің арасында 300 миллион доллар сомасындағы 14 келісім мен меморандумға қол қойылды.