Оңтүстіктің кинологтары — жеңімпаз!

361
ОҚО-да 27 кинолог маман жұмыс істейді

 Оңтүстіктің кинологтары өздерінің үздік екендерін дәлелдеді. Жерлестеріміз Қырғызстанда өткен ТМД елдері арасындағы байқауда жеңімпаз атанды. Кеден органдарындағы кинология саласының деңгейін анықтайтын сайысқа біздің мамандар биыл үшінші рет қатысып отыр. Бұл сайыста қызметтік іздестіру иттерінің белсенділігі мен оны үйретушінің қабілеттілігіне баса назар аударылды. Кинологиялық жарыс 5 бөлімнен құралған. Жерлестеріміз сайыстағы орындалуы қиынға түскен кезеңді ұмыта қойған жоқ. 

ОҚО-да 27 кинолог маман жұмыс істейді
ОҚО-да 27 кинолог маман жұмыс істейді

Әлімжан Сартбай, ОҚО кедендік бақылау департаментінің контрабандаға қарсы күрес басқармасы бөлімінің бастығы: «Біздің кинолог маманымыздың басқаруымен ит ең қысқа мерзімде, дәлірек айтқанда 23 секундта жүк көлігінің ішіне тығылған есірткі затын тапты. Әрине, бұған жету үшін үлкен жұмыс атқардық. Байқау барысында байқағанымыз — өзге елден келген қатысушылардың тәжірибесі мол болғанымен, белсенділігі төмендеу.»  

 Қызметтік іздестіру иттерінің қатарында кез келген иттің тұқымы қызмет ете алады. Олардан талап етілетіні — белсенділік қана.  Қазіргі таңда кинология тәлімбағында 9 айлықтан 8 жасқа дейінгі иттер үйретіліп жатыр. Мамандар жануарларды пысықтау құпиясымен бөлісті.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=xAvvBToJYeo[/youtube]

 Мырзабек Юсупов, кинолог: «Әрине, итті алғашында үйрету өте қиын. Ол оңайлықпен бағынбайды. Бірақ, біз кез келген есірткіні тапқан сайын сыйақы беріп алдаусыратамыз. Сонда олар есірткіні табуға барынша тырысып бағады. Ал сыйақымыз — иттің сүйікті ойыншықтары. Біз сол ойыншығымен ойнатамыз. Бірақ, құмары қанғанша емес. Себебі келесіде де сол ойыншыққа аңсары ауып тұруы керек.»

Бүгінде облыстық кедендік бақылау департаментіне қарасты контрабандаға қарсы күрес басқармасының кинология тәлімбағында 25 қызметтік іздестіру иті үйретіліп жатыр. Бір қызығы — өзге елдерде итті тамақпен алдау арқылы үйретсе, Қазақстанда ойыншықтармен ойнату әдісі қолданылады. Бұған қоса жануарды тәрбиелеу үшін кинолог маманға небәрі 3 ай уақыт беріледі екен. Айта кетейік, бүгінде республика бойынша 150-ге тарта кинолог маман кеден саласында тер төгіп жүр.