Төлеби ауданында кинологтардың республикалық жарысы өтіп жатыр

515

ҚР Ұлттық гвардиясының кинологиялық қызметі дәстүрлі республикалық байқауын Түркістан өңірінде өткізуде. Бұл байқауда ұлан байтақ еліміздің әр аймағынан келген кинологтар мен серіктес иттері қатысып жатыр.

Төлеби ауданында 6698 әскери бөлімінің базасына жиналған кинологтардың республикалық жарысы кіл мықтыдан, ең мықтыны анықтайды. Айта кетейік, қатысушы төбеттердің ішінде ұлттық гвардияның кинология қызметінің бірнеше рет марапатталған құрметтілері де бар.

Нұрлан Райысов – Өскеменнен келген кинолог. Сенімді серігі Симба екеуі бүгінгі байқауда бақ сынауда. Республикалық біріншілікте бірнеше рет топ жарған Симбаның марапаты да аз емес екен. «Мақтаулы төбет әскери қызметте ең сенімді көмекші» дейді Нұрланның өзі.

Нұрлан Райысов, қатысушы: «Патрульді қызмет барысында белгісіз екі азаматтың күш көрсетіп, қорлағанын айтып бойжеткен шағымданып келді. Оқиға орнынан қашып құтылған қылмыскерлерді құрықтауда Симбаның көмегі көп болды. Қолына суық қару ұстаған күдіктіні қуып жетіп, ұстады. Симба сабырлы төбет. Әскери қызмет кезінде қаталданып кететіні бар».

 

 

Төбеттердің мұнда тартымдылығы емес, әскери қызметтегі ширақтығы мен шеберлігі сынға алынады. Әрбірі конкурсқа қатысушы кинологтың жұптық жұмысы, яғни төбетпен тіл табысуы мен ымырашылдығы ескеріледі. Қылмыстық топты құрықтаудағы қырағылығы сараланады.

Айта кетейік, Төлеби ауданында өтіп жатқан ҚР Ұлттық гвардиясының кинологиялық қызметінің бұл сайысы әлі бірнеше күнге созылады. Кіл мықтылар арасынан оза шапқандар арнайы сыйлықтармен марапатталып, сый -сияпатқа кенелетін болады.

Жанар Есенбекова