Облыстың тексеру комиссиясының жаңа төрағасы мен құрамы тағайындалды

351
Нұрлан Нұржанов

Облыстық мәслихаттың  кезекті 18-сессиясы депутаттардың дауымен басталды. Халық қалаулыларын қынжылтқаны — сессияда ұсынылған  күн тәртібі. Әсіресе, облыс бойынша тексеру комиссиясының жаңа төрағасын таңдау төңірегінде тартыс болды. Бірқатар депутаттардың наразылығын тудырғаны — күн тәртібінде алдын ала жарияланған 10 мәселеге қоса тағы жеті мәселенің сессия жұмысы барысында енгізілуі. «Бұл регламентке қайшы» деп тулады депуттаттар. Ал, күн тәртібіне қосымша енгізілген облыс бойынша тексеру комиссиясының бұрынғы құрамын төрағасымен қоса босатып, жаңа құрам сайлауға келгенде халық қалаулыларын қалыптан тайдырғандай болды. Пікірталас тудырған мәселе бойынша биліктегілер де шет қалмады.

 Асқар Мырзахметов, облыс әкімі: «Мұнда ешқандай заңбұзушылық жоқ. Күн тәртібіне ұсынылған мәселелер регламентке қайшы емес. Дауысқа салайық.  Әрбір депутат өз таңдауын жасайды. Сондықтан сіздерден қосымша мәселелер енгізілген күн тәртібін бекітуді сұранамын.»

Құдайберген Ержан, облыстық мәслихаттың хатшысы: «Ағымдағы жылдың 26-наурызында мемлекеттік қызметкерлермен түзілген еңбек келісімнің мерзімі осы 26-қыркүйекте аяқталады. Мемлекеттік қызмет жөніндегі реформаға сәйкес, тексеру комиссиясы төрағасының қызметі «А» корпусындағы мемлекеттік қызметтер қатарына енгізілді.»

Нұрлан Нұржанов
Нұрлан Нұржанов

Осылайша 20 минутқа созылған тартыс-талқылауға осылайша нүкте қойылып, күн тәртібі бекітілді. Он үш мәселе бойынша шешімдер жылдам қабылданып, тексеру комиссиясының құрамына келгенде мәслихат депутаттары тағы да дауласты. Халық қалаулылары тексеру комиссиясының төрағалығына ұсынылған үміткердің өткен-кеткенін еске алды.

 Аманолла Раманқұл, облыстық мәслихаттың депутаты: «Созақтың бір жігіті бюджетті қалыптастырады, екіншісі оны тексереді. Ол сонда не болғаны?  Нұрлан Нұржанов 2004-2008 жылдары аралығында Кентау қаласында жұмыс істеді. Біз 1 миллиард теңге бөлген едік, соның 500 миллоны жоқ болып кетті ғой?»

Тексеру комиссиясының төрағалығынан дәмелі Нұрлан Нұржанов та қарап қалмады. Кідірместен халық қалаулысының айыптауларын жоққа шығарып бақты.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=ItxBZSNmGSI[/youtube]

 Нұрлан Нұржанов, тексеру комиссиясының жаңа төрағасы: «Бағдарламаның құрылтайшысы — қала әкімдігі. Қаржының жұмсалуын тиісті органдар тексерді, шара көрілуде. Ал қаржының иесі болып  ЖШС табылады.»

Осылайша өзінің қызметтік тағдырын шешкен бұл сессияны Нұрлан Нұржанов біразға дейін ұмыта қоймасы анық.