«Отан — отбасынан басталады». Қаламызда осы ұранмен дөңгелек үстел өтті. Оны облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма ұйымдастырған. Мәдени шараға жас отбасылар, зиялы қауым өкілдерімен қатар тұрмыс құрмаған жастар да шақырылған. Жанұядағы кикілжіңнің жиі орын алуына себепті іздеген топ әңгіме-дүкен соңында кешірімшіл болу керек деген шешімге келді. Айта кетейік, кеш кейіпкерлері арасында шаңырақ көтергеніне 1 ай толмаған жас отбасылар да бар.
Мұрат Сайлыбаев: «Енді ата-анамыз екеу болды. Алғашында өзгеше сезімде боласың, үйдің отағасы болған соң, үлкен жауапкершілікті сезінеді екенсің. Бойдақтық өміріңмен қош айтысып, енді отбасыңның болашағы үшін өмір сүруге бағдарланасың. Ең бастысы екі жастың ортасындағы махаббат деп ойлаймын».
Меруерт Сайлыбаева: «Ата-енеңнің қас-қабағына қарап, сол үйдің жайына үрену керек екен. Үйіңдегідей тәрбие емес, басқаша тәрбиеленесің, еркеліктің бәрін қоясың. Таңертеңа ерте тұрып, ата-енеңнің шәй-тамағын беріп, сол үйде ең жауапты адамдардың бірі боласың».
Сондай-ақ, қаламыздағы денросаябақта 8 бірдей жас отбасы махаббаттарының берік екенін дәлелдеуге тырысты. Жас жұбайлар шарт бойынша 5 белестен өтуі керек болатын. Жолай түрлі сауалдар мен кедергілерге төтеп беруі де маңызды. Мәдени шара аясында халқымыздың әдет-ғұрпынан сыр шертетін қойылымар ұсынылды. Айтулы мерекелік шараға көпшілікке үлгі көрсете білген, үлкен отбасылар да арнайы шақырылыпты.
Төленді Құдайбергенов, отағасы: «Біз бір-бірімізді сыйлаймыз. Айтқан сөздерімізге үлкен зейінмен қараймыз. Келіншегіміздің айтқанына да құлақ асу керек. Себебі ол кісі балаларымыздың анасы ғой. Әйел де бізді тыңдайды сосын. Бәрінен бұрын отбасында ынтымақ болуы керек. Ынтымақ бар жерде бақ өзі келеді, шаңырақ шаттыққа толады дегендей. Үйленгеннен кейін, табақ-аяқ сылдырламай тұрмайды дейді, бір-біріне кешірімді болса, ұзақ өмір сүреді».
Гүлжан Құдайбергенова: «Біріміз 65-ке, біріміз 60-ка келгенімен, біздің сыйластығымыз ерекше. Қартайсақ та құрмет-сыйластықты ұмытқан емеспіз. Бала-шағаның көзінше де әкенің үйдегі рөлін айтып отырамын. Ал жастарға айтатыным — бір-біріне махаббаттары берік болсын, жүректері бір-біріне серік болып, әрқашан ауызбіршілік болған жерде, сабырлылық болған жерде отбасын құра алады деп сенемін».
Ал денробаққа жиналғандар мәре-сәре болып мерекенің мәртебесін көтерді. Жас жұбайларды құттықтау үшін жерлестерімізбен бірге қала басшылығы да келіпті.
Дархан Сатыбалды, Шымкент қаласының әкімі: «Қазақта «Ұяңда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген сөз бар. Сондықтан отбасы деген ұғымның мағынасы тереңде жатыр. Менің де отбасым бар. 3 қызым, келіншегіммен осынау кешті тамашалау үшін арнайы келіп отырмыз. Ал бүгін отау тіккен жарасымды жұптарды шын жүректен құттықтаймын! Шаңырақтары берік болсын, ең бастысы бақытты болсын деймін. Мынау үлкен кісілердің жолын берсін. Үйлерінен балалардың күлкісі үзілмесін!»
Содан кейін көңілді мейрам концерттік бағдарламаға ұласты. Жергілікті әншілермен қатар арнайы шақырылған эстрада жұлдыздары саябақтың сахнасын әнмен тербеді.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=6iy5CPe-c68[/youtube]