Жұқпалы аурулар көбейді

2013 жылдың 8 айында Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына 11 591 науқас келіп түскен
2013 жылдың 8 айында Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына 11 591 науқас келіп түскен

2013 жылдың 8 айында Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына 11 591 науқас келіп түскен. Науқастардың басым көпшілігін балалар құрап отыр. Яғни, ауруханада 6 986 бала, 4 605 ересек ем-дом қабылдаған. Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Ғалымжан Айнабектің сөзіне сүйенсек, бір ғана тамыз айында 1 900 адамда инфекция анықталған.

Жұқпалы ауруларға жедел ішек аурулары, жедел респираторлы вирусты инфекциясы, ларингит, сарып, вирусты гепатиттің барлық түрлері, бауыр циррозы, аса қауіпті жұқпалы аурулар (Қырым-конго қанды безгегі, Құтыру) т.б. жатады. Бас дәрігер Ғалымжан Асанұлының айтуынша, ауруханаға тәулігіне 100-ге жуық науқас келіп түседі екен. Олардың 60-қа жуығы ауруханаға жатқызылса, қалғандарына кеңес беріліп үйіне қайтарылады. Қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы АИВ жұқпасын қоса алғанда, нозологиялы жұқпалы және паразиттік ауруларға шалдыққан науқастарға тәулік бойы кеңес беріп, диагностикалық және жедел стационарлық емдік-диагностикалық көмек көрсетеді. Мұндағы барлық ем-дом – тегін.

АИВ инфекциясы – адамның иммуножетіспеушілік вирусы ауруы. Ол тіндерде ұзақ уақыт сақталуы салдарынан ағзаның жүйке және иммундық жүйесін баяу зақымдайды, екіншілік инфекциялар, жеделдеу энцефалитпен, ісіктер және тағы да басқа патологиялық өзгерістермен сипатталады. Бұл аурудан адамның өліп кету қаупі бар. Қазіргі кезеңде АИВ инфекциясы өте тез өршуге бейім.

Сарып – жұқпалы ауру. Аурудың қоздырғышы болып табылатың бруцелл – суыққа төзімді, ыстыққа төзімсіз бактерия. Сарыппен үй жануарлары, қой, ешкі, сиыр, шошқа ауырады. Сарып көбінесе ауру малдың сүті мен етінен, ірімшіктен, қаймақтан жұғады. Аурудың белгісі 1-3 апта аралығында білінеді. Ауырған адамның дене қызуы 39-40оС-қа дейін көтеріліп, қалтырап, бойында әлсіздік пайда болады. Науқасты қалың тер басып, басы ауырады, буыны мен бұлшық еттері сырқырап, жүйке және қан-тамыр жүйесі зақымданып, кейде адамның психикасы да өзгереді. Ауруды дұрыс емдемесе, еңбекке жарамсыздыққа әкеледі, ал жүкті әйелдер сарыппен ауырса, түсік тастайды.

Ларенгит – көмекей кілегей қабығының қабынуы. Ларингиттің жедел және созылмалы деген екі түрі бар. Жедел ларингит көбіне салқын тиюден (салқын тамақ, суық ауа, т.б.) болады. Кейде тұмау, қызылша, қызамық, т.б. аурулар, тіпті көп сөйлеу де ларингитке шалдықтырады. Науқастың дене қызуы көтеріледі, көмекейінің екі шеті қызарып, ісінеді, тамағы құрғап, сөйлегенде қиналады, құрғақ жөтел пайда болады. Кейде аурудың асқынуынан көмекейдің екі жағы іріңдеп, жақ, жұтқыншақ безі шошынады. Созылмалы ларингит оның жедел түрін уақытылы емдемеуден және қайталап аурудан, сондай-ақ, темекі тарту, арақ ішу, ұзақ уақыт қатты дауыстап сөйлеу, айқайлаудан, т.б. пайда болады. Созылмалы ларингит кезінде науқастың дауысы шықпай қалуы мүмкін. 6-8 жас аралығындағы балаларда қатпар асты ларингиті немесе жалған круп жиі кездеседі. Бұл кезде қабыну салдарынан пайда болған ісік көмекейді тарылтып, баланың дем алуын қиындатады.

Сары ауру – бауырды зақымдайтын вирустық инфекция. Бұл ауру жас балаларда жеңіл формада өтсе, қарт адамдар мен жүкті әйелдерге қауіпті.

Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары, дәрігер Зарипа Амангелдіқызы жоғарыда аты аталған ауруларға шалдыққан науқасты үй жағдайында емдеуге болмайтынын ескертеді. Өйткені, ауру ауа, тамақ және басқа да жолдармен жұғып, таралады. Мамандар аурудың белгілері байқалған сәттен ауруханадағы дәрігерлерге көрініп, емделу керек екенін айтады.

Бүгінде Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында 85 дәрігер-инфекционист, 262 медбике жұмыс істейді. Инфекционистердің 15-і жоғары, 19-ы бірінші, 24-і екінші санаттағы дәрігерлер болса, медбикелердің 124-і жоғары, 35-і бірінші, 20-ы екінші санатты. 380 орынға жабдықталған аурухананың 200 орны балаларға, 180 төсегі ересектерге арналған. Аурухана заманауи технологияның инновациялық стандарттарына сәйкес келеді. Мұнда жан сақтау, гепотоорталық, физиотерапия бөлімшелерімен қатар, клинико-диагностика-лық және бак-териология-лық зертхана жұмыс істейді.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ