Жаңаталаптық оқушылар енді екі ауысымда оқитын болды. Осыған дейін 250 орындық ескі ғимаратта 3 ауысымда дәріс алған шәкірттер биылғы оқу жылын жаңа мектепте бастамақ. Төлеген Тәжібаев атындағы оқу ошағының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл – биылғы жылы Сайрам ауданында пайдалануға берілген бесінші мектеп.
Заман талабына сай бой көтерген нысанда 600 оқушы оқи алады. Мердігер мекеме — «Ас-строй» ЖШС-і мектеп құрылысын былтыр бастаған болатын. Жоба құны — 712, 109 млн теңге. Жаңа мектепте лингафон, лабороториялық, компьютер кабинеттері, сондай-ақ, қыз балаларға арналған тігін шеберханасы да бар. Кең әрі әсем ғимаратта білім ала бастаған оқушылардың, әсіресе, ата-аналары қуанышты.
Қанткүл Әлжанова, ата-ана: «Ауылымызда жаңа мектеп салынғанына қуаныштымыз. Енді оқушылардың сапалы білім алуына мүмкіндік мол болмақ. Осындай игілікті істің атқарылуына мұрындық болған басшыларға алғысымыз шексіз».
Салтанатты шарада мектеп ауласындағы Тәжібаев ескерткішінің де ашылу рәсімі өтті. Оны салуға ғалымның ұрпақтары мен туыстары демеушілік жасапты. Алматыдан ат шаптырып келген мүсінші Тілеуберді Бинашев академиктің бейнесін салу үшін ұзақ ізденгенін айтады.
Тілеуберді Бинашев, ҚР Еңбегі сіңген қайраткер, мүсінші: «Бұған дейін Тәжібаевтың 100 жылдығына арнап оның туған жерінде де ескерткішін орнатқан болатынбыз. Бұл — менің осы кісіні бейнелеген үшінші еңбегім. Осы мақсатта академик жайлы ұзақ іздендім, зерттедім. Ғалымның жерленген бейітіне де бардым».
Сайрам ауданында бүгінде 104 мектеп бар. Оның ішінде 3 мектеп апатты жағдайда болса, 8 білім ұясында оқушылар 3 ауысымда білім алады. Сондай-ақ, ауданда күрделі жөндеуді қажет ететін 28 мектеп бар. Міне, осы мәселелердің барлығы жаймен оңтайланып жатқанын тілге тиек еткен аудан әкімі 2013-2015 жылдар аралығында тағы 24 нысан салынатын айтты.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=Uyngmtldi-g[/youtube]