Өңірімізде 16 жасқа толған жеткіншектер жеке куәлік алуға асығар емес. Осылай деп дабыл қаққан халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары түсіндірме жұмыстарын бастап кетті. 16 жасқа толған балаларға құжат рәсімдеу — ата-ананың міндеті. Дегенмен, халық арасында кәмелет жасқа толғанға дейін куәлік алса болды деген ұғым қалыптасқан. Сондықтан болар, ішкі істер басқармасына қарасты көші-қон полициясы бұл іске білек сыбана кірісті.
Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі 16 жастан бастап беріледі және ол ел аумағында жарамды болып есептеледі. Құжатқа бейғамдық танытуға болмайды. Егер куәлік алуға 16 жастан кейін қамдансаңыз, дайындауға тиісті құжаттардың тізімі артады.
Еркеш Қажығалиева, Еңбекші аудандық ІІБ көші-қон полициясының жетекші маманы: «Бізде қазір 18-19 жасқа толып қойып, жеке куәлік алмаған жасөспірімдер кездеседі. Олардың бар сылтауы — есімізден шығып кетіпті немесе білмей қалдық дейді. Жасы 18-ге толып қойғаннан кейін азаматтығын айқындау үшін құжаттар жиналады. Қосымша қағаздар жиналмас үшін 16 жаста әрекеттену қажет.»
Құжаттандыру жұмыстары ұқыптылықты талап етеді. Сондықтан, жарамсыз куәліктермен оқып жатқан немесе құжатсыз жүрген студенттер де халыққа қызмет көрсету орталығының мамандарынан кеңес алуы тиіс.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=KuUa2XIOclw[/youtube]