Қазақстандықтар өзімен бірге жеке құжатын алып жүруге міндетті ме?

403

ҚР «Жеке басты куәландыратын құжаттар» туралы заңының 9-бабына сәйкес ел аумағында тұрақты тұратын азаматтардың жеке басын куәландыратын құжаты болуы тиіс. Жеке куәлік 16 жастан бастап беріледі. Қазақстандықтар ел аумағында өзімен бірге жеке құжатын алып жүруге міндетті ме?

Редакция заңгері Венера Нұрғалиқызының айтуынша, қазіргі таңда цифрлық төлқұжаттың күші түпнұсқа құжатпен бірдей жүреді. Сол себептен жаяу жүргіншілер өздерімен төлқұжаттың түпнұсқасын алып жүрмеуіне болады. Ал  жол полиция қызметкерлеріне, төлқұжатты және жүргізуші куәлігін цифрлық құжат түрінде ұсыну заң талаптарын бұзу болып саналмайды.

Цифрлық құжаттарды төмендегі мекемелерге ұсынуға болады:

– Екінші деңгейлік банктерге;

– Нотариусқа;

– Қазпочта – басқа қалалардан сәлемдемелерді жіберуге және алуға;

– Қазақстан Республикасының аэропорттарында  тіркеуден өтуге;

– Теміржол вокзалында вагонға отыруға;

– БЖЗҚ;

– Казақтелекомға;

– Халыққа қызмет көрсету орталықтарында.

Кейбір электрондық цифрлық құжаттарды қабылдаудан бас тартылған жағдайда ұялы телефоныңызға eGov mobile мобильді қосымшасын жүктеп, сол жерден ұсына аласыз. Ол қосымшада 27 түрлі құжаттың тізімі бар, оның ішінде;

– Жеке куәлік;

– паспорт;

– жүргізуші куәлігі;

– вакцина салдырғаны туралы паспорт;

– ПЦР тест;

– Балалардың туу туралы куәліктері.

Еске сала кететін жайт, Қазақстан азаматтары төтенше жағдай режимі енгізілген кезде кез келген жерде жеке басын куәландыратын құжаттарын алып жүруі қажет.