Жер қойнауын заңсыз пайдаланғандарға салынатын айыппұл көлемі көбейді. Енді ол 50-ден бастап 700 айлық есептік көрсеткішке дейін жетеді. Мамандардың пікірінше, енді компаниялар осынша қомақты ақшадан айрылмас үшін заңсыздыққа бармайды. Өйткені жақында ғана қабылданған заң айыппұлды ұлғайтумен қатар өкілетті органдардың құзыретін де нығайтқан.
Жер қойнауын пайдалану үшін биыл облыс бойынша 185 компаниямен келісім-шарт жасалған. Онда қай жердің пайдалануға жатпайтыны ашық әрі нақты көрсетілген. Соған қарамастан, тыйым салынған жерден құрылыс заттарын өндіретіндер саны азаймай отыр. Биыл осындай 36 компания жауапқа тартылды.
Мұрат Садықов, ОҚО кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму басқармасының маманы: «Рейдтік тексеру барысында заңсыз жұмыс істеп жатқандар оқиға орнынан қашып кетіп жатады. Мысалы, жақында ғана Сайрам ауданы Жаңаталап ауылына комиссия барғанда дәл осындай жағдай орын алды. Олар бізден жасырынбақ болды. Бірақ бәрібір істері әшкереленді».
Мамандар енді бұл бағытта заңның бұзылмайды деп отыр. Оған жақында қабылданған жаңа заңның кепіл боларына сенім бар.
Қамар Найманбаев, ОҚО табиғатты қорғау прокуратурасының маманы: «Бұрынғы заңға сәйкес, заңсыз жер қойнауын игерген жағдайда оларға тек 20 мен 150 айлық көрсеткіш есебінде айыппұл салынып келген. Ол біздің ойымызша өте аз болуына байланысты, қазіргі заңнамаға енгізілген өзгеріс тиімді болады деп ойлаймыз».
Айыппұлды салып, заң аясында шара көретіндер — экология депортаменті мен табиғатты қорғау прокуратурасы. Қабылданған заң бұл мекемелердің құзыретін де күшейтті. Енді олар заңсыздыққа барғандарды айыппұлмен жазалап, тапқан табысын еселеп шығарып алуға мүмкіндіктері бар. Тіпті. жақында Сайрам ауданында заңды белшесінен басқан осындай компаниялардың бірінің үстінен сот отырысы өтіп, техникасы тәркіленді. Сондықтан жер қойнауын пайдаланушылардың құлағына алтын сырға.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=zareULtBxo8[/youtube]