Тұрғын үй құрылысы бойынша жылдық жоспардың 45%-ы орындалды. Биыл «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы аясында 6,6 млн шаршы метрден астам тұрғын үйді пайдалануға тапсыру көзделген.
Бұл туралы Өңірлік даму министрлігінен хабарланды. Өткен жарты жылдағы жағдай бойынша барлық қаржы көздері арқылы баспана құрылысына 212,7 млрд теңге бағытталған, оның ішінде 3 млн шаршы метр тұрғын үй тапсырылған. Онымен қоса 1,8 млн шаршы метрі, яғни 60%-ы жеке тұрғын үй құрылысының үлесінде. Сала мамандарының мәліметінше, мемлекеттік меншіктегі кәсіпорындар мен ұйымдардың есебінен 288,8 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілген. Мемлекеттік сектор республикада жалпы тапсырылатын тұрғын үйдің 10%-ын қамтып отыр. Сонымен қатар, республика аумағында 3 264 үлескердің қатысуымен 16 нысанның құрылысын аяқтау көзделуде. «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы шеңберінде 4449 пәтерлік 54 үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Оның ішінде 3055 пәтерге (пайдалануға берілген пәтерлердің 69%-ы) жергілікті атқарушы органдар (ЖАО) құқық орнатушы құжаттарды рәсімдеген және қарыз беруді рәсімдеу үшін «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» жолдаған. Жыл басынан бері әкімдіктерге 5,9 млрд теңге бөлінген. Оның 86%-ы игеріліпті. Биылғы жылдың алты айында 19,3 мың шаршы метр жалдамалы тұрғын үй пайдалануға берілген. Осылайша, 314 жас отбасы қоныс тойын тойлады. Жалпы 2013 жылы жас отбасылар үшін 117 мың шаршы метр жалдамалы тұрғын үйді тапсыру жоспарланған.
Мақпал РЫСБАЕВА