Мамыр айында қала әкімі қызметіне тағайындалған Дархан Сатыбалды таяуда облыс басшысының алдында атқарған жұмыстары бойынша есеп берді. Асқар Мырзахметов шаһарды көріктендіруге тоқталып, спорт алаңшалары бойынша нақты тапсырмалар берді. Ал күн суытқан сайын өзекті болып бара жатқан жылу беру маусымына дайындық мәселесі жабық жиында жеңіл-желпі талқыланды.
Дархан Сатыбалды, Шымкент қаласының әкімі: «Нұрсәт» шағынауданында сорғы станциясының құрылысы баяу жүріп жатқаны рас. Оның ұұрылысына 159 миллион теңге бөлінді. Нысандағы жұмыстар 20-қазанда аяқталмақ.»
Шымкентте ауа райы күрт суытқанда проблемалы стансаның құрылысының осы күнге дейін бітпегені нұрсәттіктерді толғандыруда. Оған қоса қаланың солтүстік бөлігіндегі магистарльді құбырлардың әлі де алмастырылып жатқанын ескерсек, жылу беру маусымы Шымқалада белгіленген мерзімінде басталуы күмәнді.
Бейсенбек Жанбосынов, қала әкімінің орынбасары: «Гидромет қызметінің болжамы бойынша Шымкентте ауа райы қазан айының үшінші он күндігінде суиды. Біздің жоспарлаған мерзіміміз — 25-қазан, бірақ, барлығы ауа райына байланысты болады. Ол жөнінде қала әкімінің қаулысы шығады.»
Алайда қала әкімінің есеп беру жиынында шымкенттіктер үшін ең өзекті тақырып жылу беру маусымына дайындықтың барысы емес, спорт алаңшаларының жәйі болды.
Асқар Мырзахметов, облыс әкімі: «Қалада неше аула бар, олардың қаншасында спорт алаңшаларын салуға болады? 25-қыркүйекке дейін талдау жасап , осы бойынша ұсыныс жасауларыңыз керек еді. Спорт алаңшаларын салу сондай қиын ба? Темірді алып, қақпаны орнатсаңдар, болды емес пе? Оның үсті жабық бола ма, ашық болады ма — осы күнге дейін анықтап алуларыңыз қажет еді!»
Еңбекші, Әл Фараби, Абай аудандарының әкімдері спорт алаңшаларына қатысты өз ұсыныстарын қала әкімдіктеріне бергенін мәлімдеп, ақталуға тырысты.
Осылайша жергілікті билік спорт алаңшаларын қызу талқылап жатқанда тұрғындар алдағы қыста бүрсең қақпаймыз ба деп алаңдаулы. Қалада жылу маусымы былтыр 10-қазанға белгіленген еді. Бірақ, ол мерзім кейіннен үш рет өзгерді. Ал биыл қалай болар екен?