25-қазан күні облыс мәслихатының кезектен тыс 19-сессиясы өтті. Онда депутаттар 2013-2015 жылдарға арналған облыс бюджетін нақтылады. Бюджеттің жалпы көлемі — 402 миллиард теңге. Жылдың соңындағы ақырғы нақтылауда күткедей «Нұрсәт» шағынауданындағы 15 нысанға бөлінген 1 миллиард 300 миллион теңге қысқартылды. Енді бұл ақша білім беру мекемелері мен «сақалды» жолдардың құрылысын аяқтауға жұмсалады. Ал осыншама мол қаржының игерілмеу қаупінен қысқартылуына жол берген шенеуніктер тиісті жазасын алу керек десті халық қалаулылары.
Күн тәртібіне енгізілген екінші мәселе — «Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы» атағын беру. Бұл тақырып бойынша сөз алған облыс әкімдігінің аппарат басшысы Байділдә Жылқышиев атаққа ие азаматтардың есімдерін оқып берді. Олар — Барахова Сайлаукүл Жапбарқызы, Бектаева Зоя Мұсылманқызы, Дайырбеков Мүслімбай, Рахманбердиев Орынбай, Усманов Шахарбек Ұсманұлы.
Өңіріміздің » Құрметті азаматы» атағына лайықты деген азаматтардың үміткерлігін облыс әкімі ұсынған. Ережеге сай мұндай мәртебе жыл сайын бес азаматқа беріледі. Бірақ былтыр оңтүстікқазақстандықтан мұндай құрметтен қағылған еді. Соның есесіне жылдың соңына дейін тағы бес адам ұсынылуы тиіс.
Әбілқасым Досболов, облыстық мәслихаттың депутаты: «Облысқа танымал тұлғалар Дәметер Тұрарқызы Бөлегенова, қаланы салған құрылысшы Әбдіғани Ташқараев осы жоғары атаққа лайықты деп санаймын.»
Сол лайықтыларды іріктеп, таңдау әділ жүргізілсе, ешқандай талас болмайтынын жеткізгендер де болды.
Пернебек Райымбек, облыстық мәслихаттың депутаты: «Таразы басы тең болуы тиіс. Теледидардан халық көреді, дұрыс шешім қабылдайық. Лайықты адамдарға лайықты құрмет көрсетілуі тиіс!»
2001 жылдан бері «Облыстың құрметті азаматы» атағы 46 адамға берілген. 2009 жылы қабылданған Ереже бойынша аталған атаққа лайықты азаматтардың үміткерлігін еңбек ұжымдары,саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер ұсына алады. Алайда соңғы кезде атақтың қалай болса, солай беріле салуы депутаттарды алаңдатып отыр.
Сұлтанбек Сүгірбаев, облыстық мәслихаттың депутаты: «Не деген сұмдық?! «Құрметті азамат» атағын тойда береді, туған күнді атап отырғанда береді. Оның мағынасы, тәрбиелік мәні жоғалып барады. Осы жерде (облыс мәслихатының сессиясында) бекітілді ме, атақ осы жерде берілсін.»
Осыған дейін облыстың құрметті азаматтығына жылына 5 адам ұсынылса, енді бір жылда он адам ұсынылатын болып шешім қабылданды. Енді сол лайықтыларды таңдауда халықтың пікірі ескерілсе, құба-құп.