Қала күніне күтпеген сый жасалды

319
"Дала - архитектоникасы" атты көрменің туындылары

 «Қызыл трактор» суретшілер тобы қала күніне орай жерлестерімізге «жылқының басын» тарту етті. «Үйір» атты композицияда шебер Смайл Баялиев тұлпар бейнесіндегі темір қаңқаларды киізбен қаптаған. Қазақтың дархан даласынан сыр шертетін туынды небәрі 2 ай бұрын жасалыпты. Күні бүгінге дейін халықаралық көрмелерде таныстырылып үлгерген еңбектің ең үлкенінің биіктігі 6,5 метрді құрап отыр. Ал шаһардың туған күніне мұндай сыйды қабыл аламыз деп ойламаған қала тұрғындары мәз-мейрам болып, қолөнерлерді қаумалай тамашалап, тәнті болды да қалды.

Көпшілік "Үйір" атты еңбекке тәнті болып жүр
Көпшілік «Үйір» атты еңбекке тәнті болып жүр

Бибіайша Бейсентаева, қала тұрғыны: «Расында бұған дейін де Қала күні талай рет тойланды. Бірақ біз мұндай сыйды күткен жоқпыз, расын айту керек. Үй ішімізбен келіп, көрмені тамашалап жатырмыз. Естелік суретке түсуге таласып қалудамыз. Бұл да болса халықтың қуанышы деген сөз ғой. Ал мына еңбектің авторларына алғысымызды білдіреміз! Қаншама жастар келіп, ұлттық қолөнерге қызығушылық танытып жатыр.»

Марат Бексұлтан, қала тұрғыны: «Достарым көрме өтейін деп жатыр деп хабарлаған соң, жүгіріп келдім. Бірақ, жылқының мынадай басын көремін деп ойламаған едім. Ұйымдастырушыларға да риза болып отырмын. Ең бастысы, біздің халық жылқыны қадірлейді. Сондықтан Қала күнінде мұндай еңбектің де жасалуы дұрыс деп ойлаймын.»

Осы еңбектің авторы Смайл Баялиев та қолөнерлерін қаланың төрінен көремін деп ойламаса керек. Суретші қуаныштан төбем көкке жеткендей болды деп, әсерін жасырмайды. Шебер туындысында жылқының басын кескіндегенін ұлттық қасиетпен байланыстырды.

Смайл Баялиев, суретші:»Шымкентте бірінші рет менің еңбегім осындай үлкен ауқымда қойылып отыр. Жаңа туындым осылай қаланың орталығында тұрған соң, мен де қуаныштымын. Бір жағынан үлкен қобалжу да бар. Өзімді құдды бір көпшілік алдында емтихан тапсырып жатқандай сезімде тұрмын. Ең бастысы бұл еңбек шетелдік туындылардан сапасы жоғары, тіпті, салыстыруға келмейді. Мәселен, киіздің өзі қаншама уақытқа шыдас береді, оңайлықпен тоза қоймайды. Ал жылқының басын жасаған себебім, әрбір елдің өзінің өнері мен табиғатын таныстыратын дүниесі болады ғой. Бізде де сол сияқты, Қазақты жылқысыз елестете алмаймыз.»

"Дала - архитектоникасы" атты көрменің туындылары
«Дала архитектоникасы» атты көрменің туындылары

Қала тұрғындарымен бірге шаһар әкімі Дархан Сатыбалды көрмеге арнайы келіп, туындыларға бағасын беруді ұмыт қалдырмады. Айта кетейік, «Дала архитектоникасы» көрмесі көпшілік назарына 2 күн бойы ұсынылатын болады.

[youtube]http://youtu.be/WQweRKT32RY[/youtube]