Қарақай ауылында фельдшерлік бекет ашылды

502
Қарақайдағы ФАБ-тың жаңа ғимараты

Мақтаарал ауданында жаңа фельдшерлік-акушерлік бекет ашылды. Қарақай ауылының тұрғындары үшін бұл –  қуанышты оқиға. Өздерінің ғимараттарына көшкен ақ халаттылар енді жұмыстарына алаңсыз кіріспек. Бүгінде осы медициналық бекетте 4 маман қызмет көрсетеді. Ал жаңа ғимарат жаңа заманауи жабдықтармен қамтамасыз етіліпті.

Қарақайдағы ФАБ-тың жаңа ғимараты
Қарақайдағы фельдшерлік-амбулаторлық бекеттің ғимараты

 Айтбай Бекенов, «Қарақай» ФАБ меңгерушісі: «Зертханалық құралдар бар, науқасқа алғашқы жәрдем көрсету, оның ішінде жүрек талмасы болғанда қажетті құрылғылар бар. Барлық жабдықтар – жаңа. Мұның барлығын көріп отырып, алғашқы жәрдем көрсетуге толық мүмкіншілігіміз бар деп айта аламыз.»

Медициналық нысан ашылған алғашқы күннің өзінде-ақ денсаулығын тексертуге бірнеше адам келді. Сексеннің сеңгіріне шыққан Қалдықыз апа қан қысымын өлшету үшін келген.

 Қалдықыз Жораева, Қарақай ауылының тұрғыны: «Бұрынғыдай емес, енді жаңа медициналық бекетіміз бар. Ауырып қалсақ, уайымдамайтын болдық. Басым ауырғанда, қан қысымым көтерілгенде келіп тұратын болдым. Мынау медициналық құралдары да су жаңа, заманауи үлгіде екен. Қартайғанда осындай медициналық көмектің болғаны қандай жақсы!»

Бүгінде Қарақай ауылында 1600-ден астам адам өмір сүреді. Олардың 500-ге жуығы – жасы 14-ке дейінгі балалар. Сондықтан жастарға түрлі дертке қарсы екпелердің уақтылы жасалғаны маңызды дейді дәрігерлер.