Қызанақ пастасын шығаратын зауыт жұмыс істемей тұр

244
Қазір зауыттың жұмысы тоқтап тұр

Қызанақ өңдеумен айналысатын «Агрофирма жаңа Ақдала» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысы бір жылдан бері тоқтап тұр. Кәсіпорын бұған дейін табаны күректей төрт жыл бойына тоқтаусыз жұмыс істеп, жылына орта есеппен 10 жарым мың тонна қызанақ пастасын өндіріп келген еді. Ал қазір әр маусымда 100-ге тарта адамды жұмыспен қамтыған серіктестікте биыл тіпті тіршіліктің нышаны байқалмайды.

Қазір зауыттың жұмысы тоқтап тұр
Қазір зауыттың жұмысы тоқтап тұр

Әдетте қым-қуыт тіршілігі қайнап жататын тұста зауыт іші тып-тыныш күйінде қалып отыр. Тәулігіне 80 тонна өнім шығаруы тиіс құрал-жабдықтардың іске қосылмағанына – тұп-тура бір жыл. Кезінде күнгейдегі ең бай кеңшар болған «Ақдала» ауылында бүгінде бірде-бір жан бағар өндіріс жоқ.

Егер осындай өндіріс ошақтары іске қосылса, қалада тіршілігін күйттеп жүрген азаматтарымыз ауылға оралар еді дейді жергілікті жұрт. Естеріңізде болса, осыдан 5 жыл бұрын Елбасы Оңтүстікке жасаған сапары кезінде аталған зауыттың ашылу рәсіміне қатысқан болатын. Сала мамандары сол тұста «Жаңа Ақдала» жобасының тамшылатып суару технологиясымен ерекшеленетінін айтып, жобаның мақтауын келтірген болатын. Қызанақтың тұқымын дайындаудан бастап, тұтынушыға ұсынылатын дайын өнiмдi шығаруға дейiнгi процестер осы кәсiпорында атқарылуы тиіс еді. Алайда, бірнеше бағытта жұмыс істеуге қауқарлы зауыт қаржы тапшылығынан қарқын ала алмай тұр.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=lpx89CnajjU[/youtube]

Арыс қаласы ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Ержеп Ағжановтың сөзіне сенсек, былтыр қаржылық жағдайдың қиындығына орай егін егілмеген. Сондықтан, шикізаты болмаған соң зауыт биыл іске қосылмаған.  Қазір сала мамандары зауытты іске қосу үшін қажетті шараларды қолға алып жатыр.

Негізінен, Италиядан алынған әмбебап құрал-жабдықтарда қызанақ пастасымен қоса түрлі көкөніс, жеміс-жидек қоспаларын да өңдеуге болады екен. Алайда, жергілікті кәсіпкерлер қаржылық қиындықтарға байланысты мүмкіндігі мол базаны да толықтай кәдеге асыра алмай отыр.