Абылай хан: аңыз бен ақиқат

АБЫЛАЙ ХАН
АБЫЛАЙ ХАН
АБЫЛАЙ ХАН

(Соңы. Басы өткен нөмірде)

Академик жазушы Мұхтар Әуезов өзінің Мұсылманқұл Жиреншиннен жазып алған әңгімесінде былай дейді: «Сабалақтың (Абылайдың-Е.Қ.) жасы он сегізге келген уақытта қазақ, қалмақ соғысуға жиналыпты. «Мен де осы соғысқа ерсем екен» деп Төле биден Сабалақ бата сұрайды» (8.235-236).

Қазанқап дастанында бұл оқиға былайша бейнеленген:

«Кербез жігіт» бұрыннан,

Күтініп жүрген сайланып.

Суытып мініп бедеуге,

Сыпырма-ай қылыш байланып.

– Көппенен бірге барсам, – деп

Төледен бата сұрады.

Көтеріп көкке қол жайып:

– Керегі қанша қол саған?

Қатерлі жолға ұмтылдың!

Тие ме, балам, олжадан.

Бала осындай сөйледі:

– Сізге басым құл ма еді?

Қайысқан қолдан қалғанша,

Бізге өлім жөн! – деді.

Ауыр тиіп мына сөз,

Рұқсат етіп жіберді.

Абылайлап, айқайлап,

Ұранға шауып үдеді.

Сол сапар жауды қашырып,

Хан атанған жері еді» (6.56).

Сол ұрыста Абылай қалмақтың Шарыш деген батырына қарсы шығып, жекпе-жек үстінде өлтірген. Шәкәрім Құдайбердіұлы шежіре кітабында: «Абылайдың хан болғаны 1735 жылдың маңайы болар. Сонан соң біздің Орта жүздің жақсылары, бұрын үлкен хандар Ұлы жүзде болушы еді, бұл ханды өзіміз сақтаймыз, қалмақпен көп ұрысатұғын да біз деп Төле биге сый алып барып, (Әбілмансұр) Абылай ханды алып келіпті», – (4.25-27) деп жазған.

Жиырманың ішінде хан сайланған Абылай жарты ғасырға жуық хандықты абыроймен басқарады. Ол зерделі саясаткер, білімдар дипломат, дарынды қолбасшы болды. Оның көздеген мақсаты мемлекетті нығайту еді. Ол сыртқы жаулардан қорғану үшін үш жүзді біріктіруді жүзеге асыра бастайды.

1743 жылы Түркістан қаласында үш жүздің хандары, сұлтандары, батырлары бір тудың астына бірігіп, Абылайды ресми түрде қазақ ханы етіп сайлайды. Абылай Қазақ мемлекетін нығайту мен оның тәуелсіздігін сақтау жолында көп еңбек сіңірді. Ол билік құрған жылдары алғаш рет қазақтар мен қалмақтар арасында бейбіт келісім жасалды. Ресеймен, Қытаймен тату көршілік қарым-қатынас орнатылды.

Бұл күшті мемлекеттер білгір қазақ ханымен санасатын болған. Соғыс тәсілдерін жетік білетін қолбасшы орыс және қытай өкіметінің ішкі есебін де біліп отырған. Сондықтан да ол жоңғар қонтайшысы Қалдан Серенмен болған тоғыз жылдық келісімнен кейін соғыс өртінің тұтанатынын білді. Жоңғар мемлекеті ішіндегі өзара қырқысулар соғыстың бас-талуын жылдамдатты.

1752 жылы жоңғар басшысы Лама Доржы қазақ жеріне қарақшылық шабуыл жасағанда, Абылай хан бастаған қазақ әскері оларға ойсырата тойтарыс береді. Кезекті шабуылдан соң, соғыстың айла-тәсілдерін жетік білетін Абылай өзінің бес жүз таңдаулы жауынгерлерін жібереді. Қарсыласы жағынан әскер келеді деп күтпеген Лама Доржы тұтқынға түсіп, дарға асылады. Бұл оқиға 1753 жылы 12 қазанда болған еді.

Абылайдың арғы есебі жоңғарларды жеңіп, оларды қазақтардың ықпалына көндіру, Қытаймен және Ресеймен терезесі тең мемлекет орнату еді. Бұл мақсатта 1753-1754 жылдары ол Қабанбай, Бөгенбай, Жәнібек, Өтеген сынды батырларымен бірге қалмақ ұлыстарына шабуылды үдете түсті. 1755 жылдың көктемінде сарбаздардың жеңісті жорықтары жалғаса берді. Ақыры ойраттар мен қазақтардың арасында 200 жылға созылған сұрапыл соғыста қазақ халқы түпкілікті жеңіске жетті.

Қазақ халқының жеңісі көршілес Қытай мен Ресей үшін қолайсыз болды. 1756 жылы Қазақ хандығы мен Қытай мемлекеті арасында соғыс өрті тұтанып, ол 1757 жылға дейін созылды. Бұл қақтығыс та Абылай ханның арқасында бейбіт жолмен шешілді.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, профессор М.Мырзахметов пен тарих ғылымдарының докторы М.Қойгелдиев Қазанқап ақынның «Төле бидің тарихы» дастанының өзіндік ерекшеліктерін айта келіп, соңында былай деген: «Төле би тарихының» өзге еңбектерден тағы бір айырмашылығы – халық тағдырының сол бір өте ауыр кезеңінде өмір сүріп, қызмет еткен ірі тарихи қайраткерлердің (Әлібек, Қазыбек, Әйтеке билер, Әбілқайыр хан, Бөгенбай, Малайсары, т.б. с.с.) үлкен шоғырына берілген мінездемелердің болуы. Олар негізінен объективті, әділ, халықтық бағаға жақын» (9.8-9).

Қазанқап Абылай ханды бағалау мен мінездеуде оны Әбілқайыр ханмен салыстыра қарайды. Ол бағасын Төле бидің аузына былайша салады:

«Әбілқайыр тұрғанда,

Кіші жүзді қоспайды.

Біріктірмес қазақты,

Қолынан келсе жаншиды.

Сырты алтын, іші мыс еді,

Өз пайдасын ойлайтын,

Түлкі сипат кісі еді.

…Қорқамын сонан зілінде,

Ешнәрсе емес бұл күнде,

Балалар көрер түбінде.

Абылай хан айыпсыз,

Қолында тұрса шылбыры,

Елді қосар еліне.

Көп үшін жанын қияды,

Ісі болса келген иінге» (10.26-83).

Сондай-ақ Қазанқап бұл дастанында: «Бүтін билікке Төле жеткен, бүтін хандыққа Абылай жеткен», – (10.26-83) деген сол ғасырдан қалған тәберік сөздің мақалға айналғанын атап өткен. Ақынның өзі де айтар ойының мақсатын осы сөзге бағыттап, түйіндеп бергені жоғарыда келтірілген үзінділерден де көрініп тұр.

Біз жоғарыда Абылай хан туралы берілген дерек мағлұматтарымызда Түркістандағы М.Мырзахметов басқарған Қазақстан халықтарының тарихы және этнофилологиясы ғылыми-зерттеу институтына тапсырылған, Оңтүстік Қазақстан облысы Төлеби ауданындағы Зертас ауылының тұрғыны, ғұлама молда Ереген Ағыбайұлының қолында сақталған Қ.Байболовтың «Төле бидің тарихы» жыр-дастанының ең алғашқы нұсқасынан да пайдаланғанымызды ескертеміз. Қазанқап ақын оны кейіншелік тағы да өңдеп жырлаған. Осы кейінгі нұсқасында «Бүтін билікке Төле жеткен, бүтін хандыққа Есім хан жеткен» (6.23) деп өзгерткен.

1765-1770 жылдары Абылай хан қырғыз ұлысына қарсы жорық бастайды, нәтижесінде мемлекет шекарасы кеңейеді. 1771 жылы ол Еділ қалмақтарын талқандайды. Мемлекет шекарасы Абылай хан билік құрған кезеңде одан әрі кеңейе түсті. Халықтың рухы көтеріліп, мерейі үстем болды.

Тарихи тұлға Абылай ханның қол жеткізген жетістіктері сол кезеңде Қазақ мемлекеті өте күшті болғанын айғақтайды.

С.Мұқанов: «Абылай 68 жасында өлген екен», – деседі. Оның өлімі туралы төмендегідей аңыз бар: Ұлы және Орта жүздерді, алатаулық қырғыздарды бағындырып, балаларын әр руға бастық етіп таратып, көңілі көншіген Абылай: «Енді Самарқан мен Бұхарға барып, аталарымның қабіріне зиярат қыламын», – дейді де, қасына көп нөкер ертіп аттанады. Жолда Түркістанға соғып, бір баласын (қайсысы екені аталмайды) осы қалаға және маңындағы Қаңылы руына әкім қояды. Шымкентке соғып, Әбдірахман деген өзбекті, Ташкентке соғып, Мырзахмет деген өзбекті сол маңайлардың әкімі қояды. Ар жағында Бұхар ханы бұдан қорқып, соғысқа даярланып жатыр дегенді естіген соң, жау емес, ел екендігін айтып кісі салады. Бұхар ханы оны құрметпен қабылдап, сый-сияпатпен қайтарады. Кейін қайтқан жолында Шьмкентке соғып, Мырзахметтің бой жеткен сұлу қызын көңіл етеді. Ол бермеймін дей алмайды. Абылай сол қалада «ғаһиш-ғишрат» күндерін өткізбек болып қалып қояды да, осы маңайдағы Дулат адамдары шығарып салар деген оймен қасындағы нөкерлерін Арқаға қайтарады. Шымкентте біраз күн болып, «қалыңдығын» алып, қасына ерген дулаттармен Арқадағы мекеніне жол шеккенде, алған қызының ғашық жігіті (атын білмейді, «тегі өзбек екен, бір бектің баласы екен» деседі) Арыс өзенінің аяқ тұсында көп қолмен қуып жетеді. Ерген «салпы етек» дулаттар соғысуға жарамай қашады да, жігіт Абылайды өлтіріп, қалыңдығын айырып әкетеді.

«Кісі өлтірді деуге қорланып, дейтін еді Қоқыш қарт, бағынышты жұрты оны «Намыстан жүрегі жарылып өліпті» деп таратқан. Расы – әлгіндей».

Түркістанға жерленген Абылайдың басына Самарқанның көк тасы қойылып, бетіне «Абылай ибн Сүйініш» (Сүйініш баласы) деп жазылған» (1.22).

Қазанқап «Төле бидің тарихы» жыр-дастанында Абылай ханның осы сапарын суреттеп:

«Әуелі Түркістанға қадам қойды.

Білмеймін ұрыс етіп, босқа алғанын,

Бір сартты Ғәбдірахман басшы қойды» (6.112), – деген. Содан соң ол Шымкент пен Сайрамды алған. Әрі қарай ақын:

«Тәшкенге Мырза Ақметті һәкім сайлап,

Ел билеп ұлық бол деп әділетті.

Төленің Құран оқып бастарына,

Күйзеліп: – Аһ, дүние-ай, опаң жоқ, – деп,

Жылаған тас балқыды жастарына» (6.112-113), – деп жырлаған. Абылай ханның соңғы сапары Оңтүстік өңірінде былайша тәмамдалған:

«Сол сапар Абылай хан көп жерді алған,

Ар жағы Ұратөбе Самарқандпен.

Жеңіліп бәрінде де сесті қайтты,

Қоқанның ханы еді Нарбота хан.

Түс көрді хан Абылай бір күн жатып,

Оянды қатты шошып, қайғы тартып.

Бір қырғыз кәрі Тұрсын түсін жориды:

– Хандығың үзілер, – деп, – сенен қайтып.

Ақыры Шымкент келіп дүние салған,

Көк тасын ала келіп Самарқандтан.

Ханқорған, Қарабұлақ айналасы,

Өлген жер Абылайдан үлгі қалған.

Ат қойып Орта жүздер «бауырым» деп,

Жаяулап Түркістанға алып барған.

Әбдірайым жазуында Абылай ханның өлген жылы мынау дейді һижрат 1195 – 1781» (6.114).

Біреулер Абылай ханды Қазығұрт тауының бауырында қаза болған деп жазған. Қалай болғанда да Абылайдың Шымкент айналасында дүниеден бәз кешкені ақиқат.

Құралбек ЕРГӨБЕК  

Сілтемелер:
1. Мұқанов С. «Жарқын жұлдыздар». Алматы. «Мектеп» баспасы. 1964. 352 бет.
2. Байболұлы Қ. «Төле би». Баспаға әзірлеген: М.Қалдыбаев. Алматы. «НБ-пресс» баспасы. 1991. 320 бет.
3. Левшин А.И. «Описание киргиз-казачьих или киргиз-кайсацких орд и степей». Алматы. «Санат». 1996.
4. Құдайбердіұлы Ш. «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі». Баспаға дайындағандар: М.Мырзахметов, М.Қазбеков. Алматы. «Қазақстан» және «Сана» баспасы. 1991.
5. Уәлиханов Ш. «Абылай». Орысшадан аударған С.Актаев. Алматы. «Айқап» шағын баспасы. 1992.
6. ҚР ҰҒА, Орталық ғылыми кітапханасы, қазақ әдебиеті, сирек кітаптар және қолжазбалар бөлімі, п. 763. 5-дәптер. 1-122 беттер.
7. «Тарихи жырлар». Бірінші том. Жауапты шығарушы: Шафиғи М. Алматы. «Білім» баспасы. 1995.
8. Әуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы. Он бесінші том. Алматы. «Жазушы» баспасы. 1984.
9. Мырзахметов М., Қойгелдиев М. «Алғы сөз». «Қазақ әдебиеті» газеті. № 1, 4 қаңтар, 1991.
10. Қазақстан халықтарының тарихы және этнофилологиясы ғылыми-зерттеу институты (Түркістандағы кезінде М.Мырзахметов басқарған, қазіргі Түркология). Қолжазбалар қоры. Байболов Қ. «Төле бидің тарихы». Айтушысы – Төлеби ауданындағы Зертас ауылының тұрғыны Ереген Ағыбайұлы. Жазып алушысы – Қ.Жолдасұлы. 26-83 беттер.