Тілеуберді Бинашев, ҚР Еңбек сіңірген өнер қайраткері, мүсінші
Тілеуберді Бинашев,  ҚР Еңбек сіңірген өнер қайраткері, мүсінші
Тілеуберді Бинашев,
ҚР Еңбек сіңірген өнер қайраткері, мүсінші

– Тілеуберді Мелдешұлы, айтыңызшы, мүсін керемет шығуы үшін ең бірінші неге мән беру керек?

– Ең алдымен өз еліңнің мәдениетін, әдет-ғұрпын, тұрмыс-тіршілігін, тілін, дінін жақсы білу керек. Жаныңдағы жарың ішкі сезіміңді, өнеріңді түсінсе, өзің араласатын ортаңнан қолдау тапқанда ғана, шабытың одан әрі арта түседі. Сонда ғана бойыңда рухани күш пайда болып, көздеген мүсінің сәтті шығады.

– Осы уақытқа дейін неше мүсінді дүниеге әкелдіңіз?

– Кеңес Одағынан бастап тәуелсіз Қазақстан елінің түкпір-түкпіріне қойылған мүсіндерім көп.Ол мүсіндерімді санап, авторы ретінде аты-жөнімді жазғанды мақсат тұтпадым. Өкінішке орай, заманның өзгеруіне байланысты біраз жұмыстарым жойылып кетті. Атап айтқанда, К.Маркс, Лениннің мүсіндері.

– Шымкентте, әсіресе, тарихи тұлғалардың-батырлардың мүсіні көбейді. Әрине, бұл құптарлық іс болғанымен, барлығы бірдей атқа мініп тұратыны жұртшылыққа ұнамайтыны бар. Халықтың көңілінен шыға бермейтін осындай ескерткіштер туралы маман ретінде не айтасыз?

– Иә, сөзіңіз өте орынды. Біз тарихи тұлғаларға арнап ескерткіш жасауда жасандылыққа бой алдырып келеміз. Өйткені, ешқайсымыз батыр бабаларымыз бен хандарымыздың нақты бет-бейнесін көрген емеспіз. Сондықтан мүсіншілер олардың бет-бейнесін тұспалдап, әркім өз қиялымен келтіреді. Батырларға ескерткіш қойсақ, қазіргінің таяқ ұстаған МАИ қызметкеріне ұқсатып, міндетті түрде қолына қылыш немесе найза ұстатып, атқа мінгізіп қоямыз. Ал аттарының мүсіні батырлар мінетін тұлпар емес, соғымға арнап семірткен мал секілді.

– Бүгінгі мүсін өнеріне не жетіспейді?

– Табиғи дарын деген қасиет Алладан келеді. Шетелден білім алу дарынсызға дарын қосып бермейді. Қазіргі мүсін өнерінде табиғи дарын жетіспеуде. Са-наулы. Ал шынайы таланттарға жағдай жасау керек. Атты да бәйгеге шаптыру үшін жақсылап баптаймыз ғой. Өнер адамы да тура сол іспетті. Ал күйі дұрыс болмаса, таланты жайына қалады. Бүгінде тілімен сайрайтындар көп. Ісі аз. Жоқ десек те болады. Көшеде тұрған ескерткіштердің барлығы шығармашылыққа жатпайды. Тапсырыспен жасалған дүниелер. Ал шығармашылық өз жүрегіңнің қалауымен туады. Менімше, халық жаттанды, қайталама дүниелерден жалықты. Қазақта ескерткіш тұрғызуға лайықты аты аңызға айналған бейнелер өте көп. Неге соларды әспеттеп, бейнелемеске? Бізде саябақ көп. Жұрт демалатын жерлерге қазақ қызының прототипін қойса қанекей. Мысалы, Баян-сұлу, Еңлік-Кебектерімізді. Жастарымыз «Қозы-Көрпеш» аллеясында кездесеміз» деп жатса, қандай ғанибет! Осылайша өскелең ұрпақтың тарихқа деген қызығушылығы артады. Ұрпаққа мәңгілік өшпес мұра болып қалады. Сондай-ақ, Алдар көсе, Қожанасыр сынды аңыз-әңгімелердегі тәрбиелік мәні терең есімдер ұмыт болып барады.

– Бойыңыздағы дарын қашаннан бар?

– Бала кезімнен бастап Арыс ауданына қарасты Байырқұм ауылының жайлауында қой бағып жүріп, жер сызып, таудың тастарын қашап, мүсіндік өнерге жақын бола бастадым. Ауылым Сырдарияның жағасында болғандықтан, сырлы Сырдың саз балшықтарынан түрлі мүсіндер жасайтынмын. Сонымен қатар, жаныма жақын болып, мүсін жасауыма себепші болған жайлаудағы Мұрынқарақ, Жауытхан тауларының тастары болды.

Т. Бинашев. «Қажымұқан» мүсіні
Т. Бинашев. «Қажымұқан» мүсіні

– Алаштың әнін Әміреден кейін әлемге танытқан ғаламат дарын иесі Күләш Байсейітованың бейнесін сомдағаныңыз көптің көңілінен шыққан болатын. Әншінің ғажайып болмыс-бітімін бейнелеу қиын болған шығар?

– Әрине, бірен-саран қиындықтардың болғаны рас. Бірақ, Күләш апаның екі қызы Құралай мен Рау-шан шеберханама жиі келіп, аналары туралы көп мәліметтер берді. Менің ұтқан жерім, Күләш та мен сияқты, білімі орташа, Ақтоғай ауылының тумасы екен. Екіншіден, өзімнің жолымды қуған мүсінші қызым Гүлфия мүсінді сомдауда әйел адамның жан-дүниесін терең түсініп, мүсіннің керемет шығуына өзіндік үлесін қосты. Кейіннен көзін көрген Бибігүл Төлегенова, Асанәлі Әшімов сынды аға-апаларымыздың тарапынан да жақсы бағаланды.

– 22 жасыңызда күш атасы Қажымұқанның мүсінін бейнеледіңіз. Осы ескерткішті жасауға оның ұлы Айдархан себеп болған екен. Осы жайында айтып берсеңіз.

– Ол кезде біздің астанамыз Мәскеу болатын. Қажымұқанның тұңғыш мұражайы ашылайын деп жатқан кез. Бағыма орай, соның алдына зәулім ескерткішті жасауға маған тапсырыс берді. Сол кездегі Бөген ауданының бірінші хатшысы Рашид Нұғыманов Қажымұқанның көне суреттерімен та-ныстырды. Менің ол суреттерге көңілім толмаған еді. Қажымұқанның Айдархан деген баласын көргенде, Қажымұқан алдымда тұрғандай әсер алдым. Кейін ескерткішті жасап біткенде Мәскеуден шығатын «Известия» газетіне басылып, «Время» телехабарынан көрсеткенде төбем көкке жеткендей болды. Бұл – өнердегі бақытты сәтімнің бірі болатын.

– Жастайыңыздан көне жәдігерлерді, өнер-мәдениетке қатысы бар заттарды жинауға құмартыпсыз. Жинап-терген құндылықтарыңыз қазір мұражайларда сақталған ба?

– Мен өзімді баймын деп есептемеймін, кедей де емеспін. Біреулерді білемін, қалтасына қаржы түссе сырахана, сауна ашып, баюды мақсат етеді. Ал, мен керісінше, жастар рухани байыса екен деп армандаймын. Сондықтан ұлттық мәні бар жәдігерлерді жинап жүремін. Өзімнің жеке мұражайым бар. ХІІІ ғасырдан бастап қазіргі заманға дейінгі құнды жәдігерлер сонда сақтаулы. Қанша адам келсе де, мұражайымның есігі әрдайым ашық. Бір кезде жазушы Дулат Исабеков келіп, «мынауың керемет мұражай ғой, неге ақылы етіп қоймайсың?» дегенде күліп, «аға, тегін болса да, бұл жерден жастар төбесін көрсетпей жатыр ғой» дегенім бар…

– Өзіңіз жасаған дүниелердің ішінде сіз үшін ең маңызды, әрі құндысы қайсы?

– Барлық жұмысым іштен шыққан балам сияқты ыстық. Әрқайсысының өз тарихы бар. Ал оның құндылығын ажыратуды көпшілік қауымның талқысына қалдырайын. Тарихи маңызы бар екі мүсінім бар. Біріншісі – «Жеті ата», екіншісі – «Жеті қазына». Осы мүсіндерді Қазақстанның көрнекті жерлеріне қойсам, жас ұрпаққа ұлттық рух беретін керемет көрініс болар еді.

– Мүсін жасауға қанша уақыт жұмсайсыз? 

– Мүсін жасау уақытпен шектелмейді, шабытқа байланысты. Сондай-ақ, жоғарыда айтып өткенімдей, өзіңді қоршаған ортаның тигізер әсері мол.

Т. Бинашев. «Құрманғазы» мүсіні
Т. Бинашев. «Құрманғазы» мүсіні

– Сүйікті ісіңізді орындау барысында қандай да бір қызық оқиғаға тап болған сәттеріңіз болды ма?

– Иә, өмірімді өнерге арнаған соң түрлі жағдайларды бастан өткердік. Солардың ішінде, мына бір оқиға есімде жақсы сақталыпты. Бірде ауылдан сыныптастарым хабарласып, Мұхтар Шахановтың мүсінін жасауымды сұрады. Сөйтсем, мен оқыған мектепке ақынның атын бергелі жатыр екен. Ол кезде Мұхаң КСРО халық депутаты болатын. Мұхаңа барып жағдайды түсіндіріп айтып едім, «Тірі адамның мүсінін салғаны несі?» деп қарсы болды. «Қызықсыз, сонда біз сіздің өлгеніңізді күтуіміз керек пе?! Мектеп – білім ордасы, оқушылар көреді», деп ақыры көндірдім. Мүсінді жасап болғанымда, алып кету үшін ауылдан жүк көлігімен екі жігітті жіберген екен. Сонша халық күтіп отырған мүсіннің жолда бір жерін сындырып алып жатса, ұят болады ғой деп, мен де бармақшы болдым. Бірақ ана екі жігіт: «Кабинада үшінші адамның отыруына болмайды, жолда МАИ ұстап алады», – деп шырылдай бастады. «Ұстаса өзім жауап беремін» деп, үшінші болып кабинаға мініп алдым. Айтқанындай, жолда бізді МАИ қызметкерлері тоқтатып: «Шығыңдар, неге кабинада үш адам отырсыздар?», – деді. Сол кезде мен «Жолдас лейтенант, біз үшеу емеспіз, төртеуміз. Мәшиненің қорабында Мұхтар Шаханов та отыр» дегенімде, әлгі лейтенант шамын жағып, мүсінді көрген соң, бастығына «Жолдас майор, мына жақта шынымен де Мұхтар Шаханов отыр екен» деді. Кейін мүсінді көрген майор «Мұның авторы кім?» деп сұрады. Мүсін авторының мен екенін білген соң, бізге шай беріп шығарып салды. Сөйтсем, әлгі майор Мұхтар ағамызды қатты сыйлайтын болып шықты. Желтоқсан оқиғасы кезінде жұмыстан шығып кетейін деп тұрған кезінде Шахановтың көмегімен орнында қалған екен.

– Мүсіншілердің қоғамдағы орны қандай?

– Бүгінде мүсіншілерге ғана емес, жалпы мүсін өнеріне деген көзқарас өзгерген. Қарапайым халық бізді, яғни мүсіншілерді тек батырлардың, қоғам қайраткерлерінің, жекелеген адамдардың бейнесін жасаушы, ескерткіштер тұрғызушы ретінде ғана қабылдайды. Себебі мүсіншілерді мемлекеттің өзі белгілі біреудің мерейтойы болғанда ғана еске алып, сол кісінің ескерткішін жасауға тапсырыс береді. Басқа уақытта күйбең тіршілігімізбен күн көреміз. Кезінде Димаш (Қонаев), Шәмші ағаларымыз мені ерекше құрметтеп, «Сен – Қажымұқанды жасаған шеберсің» деп төрлеріне шығаратын. Қазіргі кезде Мұхтар Шаханов, Асанәлі Әшімов ағаларымыз өнеріме қолдау көрсетіп келеді. Осыдан біраз жыл бұрын белгілі жазушы Дулат Исабеков екеуміз Арыс қаласына «Мұңлық-Зарлық» ескерткішін қойдық. Сонда мемлекеттік қызметте жүрген кейбір шенеуніктер тіпті мен тұрмақ, қазақтан шыққан тұңғыш мүсінші Хәкімжан Наурызбаевтың кім екенін білмейтініне куә болып, іштей қынжылдым. «Елу жылда ел жаңа дейді» ғой, мүмкін мемлекет әзірге барлық саланы қамтуға мұршасы келмей жатқан шығар. Әлі де өнерге үлкен көңіл бөлінер деп үміттенемін.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Гүлнұр Сәтбаева