Соғыс ардагерінің бейіті табылды

Оңтүстіктен соғыс жылдары майданға аттанып, хабар-ошарсыз кеткен тағы бір ардагердің бейіті табылды. Мәскеудегі Старая Русь қаласының Крюкова елдімекеніндегі бауырластар зиратында жерленген Әбдірайымов Батырхан – Бәйдібек ауданының тумасы. 1943 жылдан бері еш хабар болмаған батырдың мазарын 73 жылдан кейін немересі іздеп тапқан.

Ұлы Отан соғысына Әбдірайымовтар отбасынан 4 бірдей ағайынды аттаныпты. Оның тек біреуі ғана тірі оралса, қалған үшеуі хабарсыз кеткен. Елуінші жылдары ұлдары іздеу салып, сұрау жіберген. Алайда жауап болмапты. Енді араға 73 жыл салып мүсінші Мұхтархан Атахан атасы Батырхан Абдрайымовтың бейітін ғаламтор желісі арқылы тапқан.

Мұхтархан Атахан, Батырхан Әбдірайымовтың немересі: «Атам Батырхан Әбдірайымов 1906 жылы туылған. Ал 1941 жылы соғысқа аттанып, 1943 жылы өлгенін растайтын қаралы қағаз келген. Ғаламтор желісі арқылы іздеп таптым. 9 мамырда туыстарыммен бірге барып, Құран бағыштап қайттық. Біздің қолымыздан келері осы. Қазақта «бір уыс топарық та бұйырмады» деген ауыр сөз бар. Сондықтан өзге елде жатқан атамның бейітіне туған жердің топырағын апарып салдым. Ол жақтан да топырақ әкеліп, туған жері Бәйдібек ауданына апарып көмдім».

35 жасында майданға аттанған Батырхан Әбдірайымовтың Демидова түбіндегі кескілескен шайқаста ерлікпен қаза тауыпты. Алайда бауырластар зиратында жерленгендіктен, сүйегін елге әкелу мүмкін болмады дейді немересі. Тіпті атасының бірде-бір суреті сақталмапты. Ал өткен күннен бір белгі – тек есімі жазылған мемориал тақтайшасы.

Мұхтархан Атахан, мүсінші: «Ол жерге барғандағы әсерімді айтып жеткізу қиын. Тіпті сол Крюкова елдімекенінде әлі күнге дейін соғыс жарақтарының, танкілердің сынығы, автоматтардың оқтары жатыр. Сондықтан ол туралы айту үшін алдымен өз көзіңмен көру керек. Бауырластар зиратында атамның есімінен бөлек өзге де көптеген қазақ, якут бауырлардың да аты-жөндерін оқыдым. Тіпті олардың кейбірінің іздеушісі де жоқ болуы әбден мүмкін».

Алайда Мұхтархан Атахан мұнымен тоқтамаймын дейді. Өйткені сүйегі жат елде қалып қойған соғыс ардагерлерінің әлі де көп екенін айтады. Сондықтан іздеу тобы құрылса, жұмыс жасауға дайын.