6 ұл, 3 қызды дүниеге әкеліп, алтыннан алқа тағынған Әлима Жаңбыршиеваның әулетінде 20 педагог бар. Ұстаздық жолды таңдаған бұл әулеттің ұл-қыздары мен немерелері жоғары білімді азаматтар, бала тәрбиелеу ісінде алғысқа кенеліп жүрген жандар. Алтын құрсақты ана бүгінде 9 ұл-қызынан 25 немере, 17 шөбере сүйіп отыр. Көпке үлгілі әулеттің бүгінде шырағын жағып отырған әжеймен бізге сұхбаттасудың реті түскен еді.
Әлима Санайқызы 1930 жылы желтоқсанның 13-інде дүниеге келген. Мектепте алған 7 жылдық білімді қанағат тұтқан Әлима әжей (ол кезде қайсар қыз) сұрапыл соғыс жылдары мұғалім болып қызмет атқарыпты. Еңбек жолын бала оқыту ісінен бастаған ардақты жанның артынан ерген ұрпақтары да осы ізбен келе жатыр. Қиын-қыстау кезеңде де білімнің шырағын жағып, шәкірт тәрбиелеген әже өткенге оралып, біраз естеліктерімен бөлісті.
– Несін айтайын, өте қиын шақтарды бастан өткердік. Ол кезде қазіргідей бейбітшілік заман емес. Тыныш өмір сүрудің өзі арман еді ғой бізге. Алайда, әйтеуір күйбең тіршілік қашан да жалғаса береді екен. Қазіргідей жарық, газ деген жоқ. Күндіз-түні тынымсыз еңбек. Сол уақытта да бала оқыттық. Бірақ, біздің кездегі оқушылар өзгеше еді. Мұғалім де. Жан-жақтан қыспаққа алған жаугершілік заманның балалары өте пысық, еңбекқор еді ғой. Мүмкіндік аз болған сайын оқуға деген ынтасы арта түскен балаларды көргенде жаным ашитын. Бүгінгідей жағдай жасалса, сол балалардың барлығы ғалым болар ма еді деп қоям кейде, — деген әжей бейбіт күннің бүгінгі ұрпақтары ең бақытты екендігін айтады.
Әлима Санайқызы жұбайы Нахан Жаңбыршиевпен 1948 жылы отау құрған. Шаңырақ көтерген жас жұбайлар ешбір қиындыққа қарамай, үлгілі отбасылар қатарынан көріне білді. Марқұм Нахан Жаңбыршыұлы — ҰОС ардагері. Сұм соғыста жауға қарсы тұрып, Отан үшін от кешкен жұбайының ерліктерін Әлима әжей әрдайым балаларына айтып отырады екен.
– Наханмен тұрмыс құрып, үлкен әулетке келін болып түскен шағымда 18-де болатынмын. Жас болғанмен, небір қиыншылықты көре жүріп әбден қатайып қалған болатынбыз ол кезде. Отбасы құндылығын сақтап, үй ішіндегі ауызбіршілік пен ынтымақты сақтау үшін әрқашан тырысып бақтым. Өйткені, үйдің берекесі мен шырайын келтіріп отыратын нәзікжандылар болғандықтан, жұбайыма еш қырын қабақ танытқан емеспін. Ол соғысқа қатысты, мен тыл ардагерімін. Өлермендікпен күн кешіп, бейбіт күннің шуағын да көрдік-ау әйтеуір. Жұбайым 2000 жылы дүниеден озды. Қазір оның көзіндей болып қалған ұл-қыздарыммен, олардан тараған ұрпақтарыммен алданамын. Осылардың қызықшылығын көрудің өзі – бір бақыт екен ғой, – деген Әлима әжей аздап үнсіз қалды.
Жасы сексеннің сеңгірін еңсерген Әлима Санайқызының қимылы әлі де ширақ. Тыпыршып, бір жерде отырмайды. Бейнеттің бел ортасында шыныққаны көрініп-ақ тұр. Қол жалғайтын келіндері мен немерелері бола тұра, шамасы келіп, әйтеуір қолдан келгенше біраз тірлікті тындырып тастайды екен. Бірақ соңғы кездері ауру меңдеп, көзінің көру қабілеті төмендеген әженің қимылы азая бас-тапты.
Көз жанарың тая бастаған соң, қыбыр-жыбырдан да қалады екенсің. Бұрын тыныш отыра алмайтынмын. Одан шаршамаймын, керісінше бос отырсам зерігіп кетем. Обалы не керек, келіндерім жаман емес. Бәрі пысық, көргенді жердің қыздары. Бүгінде ұрпағымның санын көбейтіп отырған осылар ғой деп құрметпен қараймын әрдайым. Әрқайсысы өз жұмысына пысық. Қас қабағыңа қарап отырады. Бірақ, кейде қарап отырып, біздің заманның келіндері-ай шіркін, деп қоям да. Жарық, газ, су жоқ кезде де, отбасының шырқын бұзбай, лаждап күн кешетін. Ата-ененің де, бала-шағаның да жағдайын жасап үлгеретін. Қазір қағаз, қаламмен ақша табатын заман. Барлығы ақсаусақ. Бұған да шүкір ғой, — деген әжейдің көздері ойға шомғандай болды.
Жаңбыршиевтар ұстаздықты ұлық тұтқан әулет. Бүкіл адамзатқа білім нәрін себетін ұстаздықты құрмет тұтып, өздері де сол жолда тер төгіп жүр. Үлкен ұлы Ерсінбек Жаңбыршиев Ордабасы ауданы «Алтынтөбе» негізгі орта мектебінде ұзақ жылдар бойы директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін абыроймен атқарған. Жұбайы Роза да зейнеткер-ұстаз. Төртінші ұлы Сұлтан Наханұлы М.Әуезов атындағы ОҚМУ-нің дизайн кескіндеме және дизайн кафедрасының меңгерушісі. Кенже баласы Марат №69 жалпы орта мектебінде дене шынықтыру пәнінен сабақ береді, ал келіні Әсия №53 Хамза атындағы жалпы орта мектебінде мұғалім. Өзге ұл-қыздары мен келіндері, немерелері де ұлы мамандықты меңгеріп, осы салада еңбек етіп жүр. Бұл әулетте көненің көзіндей болған асыл қарияларын әрдайым құрмет тұтқан қазақтың парасатты ұл-қыздары тәрбиеленуде. Әжемен әңгімелесіп өткізген небәрі 1 сағаттың ішінде бұған көзіміз анық жетті.
Гүлнұр СӘТБАЕВА