Төтенше жағдайлардың алдын алуға байланысты жасалып жатқан жұмыстардың шаһардағы нәтижесі де көңіл көншітпейді
Төтенше жағдайлардың алдын алуға байланысты жасалып жатқан жұмыстардың шаһардағы нәтижесі де көңіл көншітпейді
Шұғыл басқосу

Оңтүстік Қазақстан облысында биологиялық апат орын алуы мүмкін. Бұл мәселе төтенше жағдайдың алдын алуға арналған жиында көтерілді. Мамандардың айтуынша, «Шардара» су қоймасындағы су деңгейінің төмендеуі тырысқақ ауруының таралуына себеп болады. Осы басқосу барысында тағы бір мәлім болғаны — қаржының жоғынан Балтакөл, Маяқұм каналдары биыл да қауіпті болайын деп тұр.

Өйткені, бөгет тұрғызуға сұралған 24 миллион теңге әлі бөлінбеген. Бұл іс дүлей апаттың алдын алу басқармасына жүктелген болатын.

Нығмет Есенбаев, Отырар ауданы әкімінің орынбасары: «Бірақ бұл басқарманың тарап кетуіне байланысты бұл жұмыс қазір табиғатты қорғау департаментіне тапсырылды. Бірақ, ол кісілер істей ме, істемей ме, нәтиже жоқ. Екінші мәселе — баяғы Маяқұм. Жылда айқай болатын канал. Сол Маяқұмның да сметалық құжаттарын бітіріп қойғанбыз. Бірақ оның да мәселесі шешілмей тұр.»

Облыс басшылығы мұндай жұмыстарға қаржыны аудан өз қоржынынан бөлу керек дейді. Ақшадан қысылғандықтың кесірі шығар, Ордабасы, Түлкібас, Сарыағаш аудандарын топан су басу жағдайы былтыр да қайталанды. Ал есеп беру кезінде барлық ауданның жауапты мамандары «Төтенше жағдайға 100 пайыз дайынбыз» деген болатын.

Сәкен Қаныбеков, облыс әкімінің орынбасары: «Барлығыңызға айтарым — қазірден бастап қауіпті тұстарды жауып тастаңыздар. Былтырғыдай жерді бульдозермен сүріп алып, «Мен 100 пайыз дайынмын» деп қағаз жіберіп, мені алдамай-ақ қойыңыздар!»

Ал шардаралықтарды судың тасуы емес, судың жетіспеуі алаңдатады. Су қоймасындағы тіршілік нәрінің деңгейінің тым төмендеп кетуі тырысқақ вирусының тарауына себеп болуы мүмкін. Өйткені, суы тартылып, батпаққа айналған жерде шыбын-шіркей көбейіп барады.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=Sdlytyc2nzY[/youtube]

Тұрсынқұл Бектұрғанов, Шардара ауданы әкімінің орынбасары: «Мен бұл жағдайды асырып айтып жатқаным жоқ. Егер Шардарадан холера, яғни тырысқақ ауруы шығып кететін болса, меніңше, Қазақстанға келетін адамды да таппай қалатын шығармыз. Сондықтан біз қалай да болса аумағы 6 шақырым жерді күндіз-түні сумен толтыруымыз керек. Биылдың өзінде миллиард текше метрден астам астам су жетпей қалды. Келесі жылы кім біледі, ол бола ма, болмай ма?»

Сәкен Қаныбеков төтенше жағдайдың алдын алу бойынша жасалып жатқан шаһардағы жұмыстарды да сынға алды. Айтуынша, диспетчерлік телефон нөмірлерінің жиі ауысуы көп оқиғаның орын алуына себеп болып жатыр. Жалпы, төтенше жағдай кезінде халықты ақпараттандыру мәселесінде де кемшіліктер жеткілікті екені осы басқосуда белгілі болды.