Мемлекет басшысының тапсырмасымен елді мекендердің инфрақұрылымын жақсартып, тұрғындардың өмір сапасын көтеру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Осы ретте Түркістан облысында жаңа өрт сөндіру бекеті пайдалануға берілді. Нысанның ашылу салтанатына еліміздің Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов қатысты.
Түркістан облысында жаңа өрт сөндіру депосы ашылды. Нысан «Turan» арнайы экономикалық аймағында орналасқан. Жергілікті бюджет есебінен салынған бекет төрт өрт сөндіру көлігімен қамтылған.
Шыңғыс Әрінов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
«Биыл біз Астана, Алматы, Шымкент, Леңгір қалаларында, Нарынқол, Қордай және Миялы ауылдарында 8 заманауи өрт сөндіру бөлімін іске қостық. Бұл атқарылған жұмыстың жарқын дәлелі. Және бірлескен күш жігеріміздің нәтижесі. Бүгінгі күні осы үрдісті қалада ғана емес, ауыл-аймақтарда да жалғастырып жатырмыз. Осындай қадамдардың арқасында біз дайындық деңгейін арттырып қана қоймай, азаматтардың бізге деген сенімін нығайтамыз»
Екі қабатты ғимаратта өрт сөндірушілер үшін барлық жағдай жасалған. Ішінде оқу, тынығу бөлмелері, спорт және мәжіліс залдары, сондай-ақ өрт сөндірушілердің кәсіби біліктілігін шыңдауға арналған жаттығу мұнарасы бар.
Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі:
«Былтырдың өзінде ТЖД-не 25 техника алып бердік. Биыл 1,3 млрд қаржы бөліп, құлақтандыру, басқа да жүйелеріне қаржыландыру беріп отырмыз. Ендігі жылы да бұл жұмыстар жалғасатын болады. Әрине барлығы мүмкіншілігімізге қарай»
Жаңа өрт сөндіру депосында 50 төтеншелік қызмет атқарады. Ғимарат заманауи техникаларымен қамтамасыз етілген.