Облыста 925 үкіметтік емес ұйым бар
Облыста 925 үкіметтік емес ұйым бар
Облыста 925 үкіметтік емес ұйым бар

Мүмкіндігі шектеулі жандар да мемлекеттік қызметтерге тартылуы тиіс. Өйткені олар да қоғамның тең құқылы мүшесі. Бүгін болып өткен VI Азаматтық форумға келген түркістандық үкіметтік емес ұйымның мүшелері осындай ой айтты.

Мүгедектіктің құрсауын киген Еркінбай Керімбекұлы өзі секілді мүмкіндігі шектеулі жандардың қамын ойлап жүр. Түркістандық азаматтың сөзінше, аталған шаһарда І және ІІ топтағы 10 мыңнан аса жарымжан жұмыссыз бар. Мүгедек деген аты болмаса, олардың да қолынан көп іс келеді дейді үздік ойдың иесі.

 

Еркінбек Керімбайұлы, «Қайсар» үкіметтік емес ұйымының төрағасы: «Мемлекеттік мекемелердің көпшілігінде пандустар қойылмағандықтан, бізді қызметке тартпайды. Ал біздің түрлі жұмыс пен міндеттерді атқаруға мүмкіндігіміз бар. Біз мәдениетте де, спорт саласында да жұмыс істей аламыз. Түрлі семинарлар ұйымдастырып, концерт құрамыз. Сондықтан І-ІІ топтағы мүгедектердің біразын жұмыспен қамту керек. Қазіргі таңда биліктегі мүмкіндігі шектеулі жандардың пайыздық үлесі 1-1,5-ды құрайды. Ал біздің ұсынып отырған жобамыз бойынша мемлекеттік қызметке мүгедектердің  3 пайызға жуығы тартылу керек.»

Үздік ой мен бірегей жобалардың 27-і биліктің назарына ұсынылды. Бәрінің мүддесі бір – көп болып қол созып, қоғамдағы ортақ проблемалардың шешілуіне мұрындық болу. Бірақ олардың да жұмысын ілгерілетуде кездесетін проблемалар жеткілікті. Айта өтейік, Оңтүстікте 925 үкіметтік емес ұйым болса, соның 80 пайызы облыс орталығында жұмыс істейді.

 Нұра Есниязарова, «Өркен» үкіметтік емес ұйымының төрағасы: «Біздегі проблеманың бірі – мемлекеттік гранттардың бөлінуіне қатысты. Мәселен, бір жоба үшін жыл бойы жақсы нәтижелі жұмыс істейміз. Бірақ келесі жылы ол істі жалғастыру бізге бұйыра ма, жоқ па, білмейміз. Сондықтан көптеген жұмыстарымыз еленбей-ескерілмей қалады. Үкіметтік емес ұйымдар – коммерциялық ұйым емес. Бұл қоғамдық бірлестіктерде қаржы жоқ. Сондықтан бөлінген гранттардың 10 пайызын олардың жобаларына бөліп отыру керек.»

Екі жылда бір келетін Азаматтық форум биыл VI маусымын ұйымдастырды. Мұнда облыстағы қоғамдық бірлестіктер жеткен жетістіктер мен проблемалар да сөз болды. Ұйымдастырушылардың сөзінше, үкіметтік емес ұйымдарға жыл сайын берілетін гранттар саны артып келеді. Осы жылдың өзінде 114 жоба бойынша жарты миллиард теңгеге жуық қаржы бөлініпті.