Күлкі өмірді ұзартады. Облыстық әзіл-ысқақ театры өзінің кезекті қойылымымен көрермендерін алғашқы махаббатына саяхат жасатып, күлкіге бөледі. Бұл жолы театр ұжымы драматург Қанат Жүнісовтың «Алғашқы махаббат» комедиясын сахнаға алып шықты. Мектеп қабырғасындағы махаббатқа негізделген қойылым көрермендердің алғашқы ғашықтық сезімдерін еске салды. Пьеса сюжеті сахналанғанда едәуір қысқарған. Алайда драматургтің негізгі идеясын сақтай отырып, жастарға құштарлық пен махаббаттың екі ұғым екенін жеткізгім келді дейді қоюшы режиссер.
Мақсат Айтжан, қоюшы режиссер: «Әдетте жоғары сыныпқа өткен бозбалалар өздерінің ер жеткендерін, қыздар бойжеткендерін сезініп, сабақты оқымақ түгілі өз алдарында «мендігі» қалыптасқаны айқын байқалып, көп дүниеге мойынсұнбайды. Менің бұл шығарманы қою себебім, жастарды адалдық пен махабатқа, ең бастысы, ғашығын адал сүйуге үйрету.»
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=PjgPUKy2Lu8[/youtube]
Әрбір жанның алғашқы махаббатының өзіндік тарихы бар. Театр ұжымының бұл қойылымы көрермендерді кіршіксіз таза махаббат айдынында тербетіп қана қоймай, күлкіге де бөледі. Өнер ошағы алдағы уақытта көрермендеріне тағы да бірнеше қойылым тарту етеді.