– Бас аяғы бір-екі аптаның ішінде облыстағы бірнеше әкім істі болып, қамауға алынды. Таяуда ғана сайланған, тағайындалған мемлекеттік қызметкерлердің бұл әрекетіне қандай баға бересіз? Әкімдерге деген елдің сенімі осындайдан кейін мүлде төмендеп кетпей ме?
– Мен де аң-таңмын. Біз бір жыл бойы «А» корпусына лайықтыларды сараптап, әртүрлі сынақтардан өткіздік. Осыдан кейін нағыз халық үшін еңбек ететін азаматтар іріктелетін шығар деп сенген едім. Өзім де сол іріктеу коммиссиясының мүшесі болғам. Әрине енді адам баласының ішкі дүниесін, арғы жағында не жатқанын білу қиын. Бірақ негізінде бұл заң төңірегіндегі мәселе. Олардың осылай ұсталғаны өте орынды, дұрыс болды деп санаймын. Десек те небір жақсы азаматтар бар. Міне солар комиссияның сынағында ойламаған жерден сүрініп қалды. Жолы болмады. Сіздің айтып отырған мәселеңіз мені де көп ойландырады. Аталмыш әкімдердің парамен ұсталуы олардың мақсатсыздығы, өмірдегі құндылықты бағалай алмағандығы деп білемін. Болмағыр бір ақшаға бола абыройлары төгілді. Отбасы, туыстары қиналып, қорланып отырғаны анық. Алған титтей парасы солардың қиналысына татиды ма? Таңдаулы деген әкімдердің ұятқа қалдырғаны шынында да өкінішті болды.
Шардарада қызмет етіп жүргенімде бір азаматтың артынан көп шағымдар еститінмін. Пара алады екен, анау-мынау деген. Сол кісіге талай мәрте айттым, болар-болмасқа қолыңды былғап, ісі түсіп келген жаннан бірдеңе дәметеді екенсің, артыңнан неше түрлі сөздер айтылып жүр, ондайыңды қойсаңшы, арты жақсы болмайды деп. Артынша сол кісі істі болып, кішкентай ақшаға бола 5 жылға сотталып кете барды.
Сізге бірдеңе айтайын, біз таяуда дүниежүзілік сауда ұйымына кіргелі жатырмыз. Кіргеннен кейін, дәл осы парақорлық, таныс-тамырлық бізге үлкен қырсығын тигізеді. Ол ұйымға кірген соң, тауарың өте сапалы, сол тауарды жасайтын маман да айтулы шебер болуы керек. Ал енді тауарын өткізу үшін пара ұсынып, бір қызметке тұрамын деп бір тәжірибелі маманның жолын кесіп жатсақ, кері кетпейміз бе? Экономикамызға балта шабамыз осылайша.
– Мәслихаттың отырыстарында соңғы кездері келіспеушіліктер, депутаттардың эмоцияға беріліп, бір-бірін тілдеп жіберетін жағдайлар жиілеп кетті. Ойларыңыздың бір жерден шықпай қала беруіне не себеп?
– Бұрын Кеңес үкіметі тұсында сен депутат боласың деп қатысқың келмесе де сайлауға қатыстырып жіберетін. Қазір депутаттарды халық сайлайды. Сайлап қана қоймай ертең біздің мұқтаждығымызды ешкімнен жалтармай айтып отырады деген сеніммен сайлайды. Еркін елдің сайлауымен болған осы таңдаулылардың өз ойларын іркілместен айтуы, позициясын білдіруі қалыпты жағдай шығар. Қызуқандылығынан болар, эмоцияға берілетіндері рас. Дегенмен сондай тартыстан, сондай айтыстан шындық шығады, әділдік табылады. Бәрі бір-бірімен келіспей кетеді деген де болмас, кейін әріптесінің айтқаны дұрыс екенін мойындап жататын кездер де болып тұрады аракідік.
Меніңше сессия жиындары бірсыдырғы өткені дұрыс емес, мәселеге көңіл толмаса айту керек білгенін, талқылаған дұрыс. Кей-кейде орынсыз килігіп кететіндерге «сіз отырыңыз, сөз берілгенде айтасыз» деп тоқтатып тас-тайын сәттер болады. Әрине бір шетінен ол дұрыс емес. Бірақ регламент, тәртіп деген бар. Содан ауытқымай жұмыс істегеніміз абзал. Халықтың алдында сәл тәртіп сақтаған жөн. Енді, бірте-бірте ол да болар. Негізінде қызықты тақырып талқыланып, сол тақырыпқа жанашырлық танытып жатқан азаматтар болса бетін қақпай, сөйлеткенді өз басым дұрыс санаймын. Құдай сақтасын, Украинаның Радасы, Ресейдің думасындағы депутаттар сияқты біздікілер төбелесіп жүрген жоқ. Қазақы тәрбие жібермейді ғой ондайға. Үлкенге құрмет, кішіге ізет қанымызда бар қасиет.
– Байқайтыным, мәслихат жиынында баяндама жасаған басқарма, департамент басшыларын өлтіре сынап аласыздар да ескерту, сөгіс, қатаң ескерту секілді бірде-бір әкімшілік жазалау қолданбайсыздар. Меніңше осыған халық наразы.
– Негізінде мәселенің көбісі тұрақты комиссияларда айтылып, талқыланады. Қателіктерін түзетіп, ескерту де, сөгіс те сол жерде беріліп жатады. Мәселен, соңғы сессияда жұмыстарында кемшіліктер жіберген энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы бастығына шара көру, жазалау туралы облыс әкіміне ұсыныс бердік. Бұрындары да болып тұратын мұндай ұсыныс беру. Қазір байқасаңыздар басқарма басшылары сессияға дайындалып келеді. Комиссияларға қатысып жүр.
– Облыстық мәслихаттың сессияларына барғанда байқайтынымыз белгілі бір мәселе талқыланып болған соң, бекітуге келгенде қарсы, қалыс қалғандарды мүлде көрмейміз. Бәрі бір ауыздан қолдай салады түптеп келгенде. Сіз де қарсылардың, қалыс қалғандардың қолын көтеруіне мүмкіндік бермей «жоқ екен» дей салатын сияқтысыз. Бұл – халық қалаулыларының момындығын көрсете ме?
– Қарсы, қалыс қалу болып жатады негізінде. Дегенмен жоғарыда айтқанымдай мәселенің негізгі бөлігі тұрақты комиссияда қаралады. Келіспейтін тұстарға сол комиссияларда өзгеріс ендіріледі. Бір емес екі комиссия отырсы өтеді. Сонда барлығы талқыланып, реттеледі. Кейбір депутаттар бар, комиссияға бармайды да әдейі сол сессия кезінде мінез көрсетіп жатады. Ол да бір депутаттың жұмыс істеу тактикасы шығар. Сайлаушыларының алдында ұпай жинағысы келуі де мүмкін ғой. Оның бәрі сол депутаттың ұятында жатыр.
– Тұрақты комиссия дегеннен шығады, былтыр сондай жиынға қатысқаным бар. Комиссия төрағасы Серікжан Сейтжанов болатын. Сонда отырған Лесбек Тәшімов баяндама жасаған бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығына өзінің бір бұйымтайын өткізгісі келгендей айтып қалды. Біздің университетте өтуі тиіс конференцияға қаржы бөлуді сұрап едім, неге осыны кіргізбегенсің жобаға деп айқайлап, сенің артыңды ашып берем, тағы басқа сөздер айтып, қоқан-лоққының астына алды. Мұндай өзіне ғана қатысты нәрсеге үлкендігін, беделін пайдаланып қалу сіздіңше қаншалықты дұрыс?
– Жалпы, ондай ұсыныстар алдын-ала берілуі тиіс. Сосын, бюджет мәселесіне қарайтын облыстық бюджеттік комиссия бар. Онда барлық түскен мәселелер талқыланады. Сонда бірінші кезекті мәселелер анықталады. Егерде мысал үшін бір елді мекенде апталап электр жарығы болмайды, не болмаса бір ауылдарда су құбырларының тозығы жетіп, сусыз отырған болса, жаңағы Лесбек Тәшімұлынікіндей ұсыныстар әрине кейінге қалдырылады. Өйткені бірінші кезекті орындалатын істер бар, сосын жоспарда тұрған жұмыстар бар, оған байланысты басқа да іс-шаралар болады. Сол себепті тосыннан айтылған мәселесі болмай қалды деп, байбалам салатындар бар. Мен әріптестеріме сіздер тосыннан мәселе көтермеңіздер деп айтамын. Ондай тірліктің орындалуы өте қиын. Себебі қаржы үнемділікті, жоспарлы болғанды қалайды. Егер төтенше жағдай болмаса тек бірінші кезектегі шаруаларға ғана қаржы қаралады. Бір шетінен Тәшімов мырзаның өтініші тек бюджеттік жоспарлау басқармасы бастығының қолында тұрған нәрсе емес. Дөрекілік мінез көрсету, ондай өкпе білдіруі расымен орынсыз. Әрқайсымыз өз көзқарасымызбен, кішкентай ғана елді мекен, аудан төңірегінен қарап жатамыз. Сонша жыл депутат бола жүріп, айтқаным бола қоймады деу дұрыс емес. Жасының үлкендігін пұлдап, алдында тұрған кісіні баласыну, мінез көрсету орынсыз қалай десек те. Жопарсыз болған мәселеде өкпе болмауы керек.
– Соңғы кездері бюджет игерілмей қалып жүр. Осыған қатысты тексеру комиссиялары құрылады екен деп естідік. Сұрайын дегенім комиссия мүшелері бітпей жатқан нысандарды аралай ма екен жоқ бәрі сөз жүзінде, қағаз жүзінде қала ма?
– Қаржының игерілмеуінің себебі көп. Ол жобаның асығыс жасалуына, сосын әлгіндей белден басып, қаржы бөлдіргісі келетіндердің кесірінен болуы мүмкін. Сосын басқарма басшыларының жұмысында кемшіліктер бар, алдын ала жасалған жобаларында шикіліктер шығып жатады. Сол шикіліктердің арқасында қаржы игерілмейді. Ол бір себеп. Екінші себеп кейбір мердігерлерді таңдаған кезде тағы да сол басқарма басшылары, комиссия мүшелері қателікке барады. Өзінің мамандығына, не болмаса өзінің базалық мүмкіншілігіне байланысты емес жұмыстарға мердігерлер алынады. Бәрін қатырамын деп алып алады да ертеңіне қосалқы мердігер іздеп, қызметкерлерінің шеберлігі, ресурстары жетіспей, жұмысты орындай алмай қалады. Сосын қаржы қалай игерілсін. Біз осының бәрін қараудамыз, не себепті игерілмегенін. Егер мердігер кінәлі болса, келісімшартқа сай жауапкершілікке тартылады. Сосын ол жосықсыз деп танылып, кейін басқа іс-шараларға, құрылыстарға қатыспауы керек. Ол облыстың жоспарлы жұмыстарына кедергі жасамауы тиіс. Егер басқарма басшыларының кесірінен болып жатса біз оны облыс басшылығына шара көруін, орнына басқа білікті азаматты тағайындауды сұранатын боламыз.
– Соңғы сұрағымды қойсам. Осы депутат болуға неге сонша барын салып, жанын салып, халыққа ақша, азық-түлік таратып, кіріседі жұрт? Депутаттық басқалардың алдында белгілі бір артықшылық бере ме? Мұнша жанығудың керегі қанша?
– Әр азамат өзі ішкі дүниесімен оған дайындалып келеді ғой. Мәселен мен Шардараға келіп, қызмет етіп жүргенімде 3-4 жылдан кейін аудан әкімі облыс әкімінен осындай ұсыныс түсіп жатты, облыстық мәслихатқа депутат болуға мүмкіндігіңді сынап көрмейсің бе деген. Бірақ бұл жақтағы жұмысымды шала-шарпы тастап кеткім келмеді. Сосын бас тарттым. Ал енді келесі шақырылымда жұмысым реттеліп, бір жөнге келді. Тағы да ұсыныс келді. Дәл осы сәтте бір үлкен кісі «Құдайберген, дәл қазір жасың да тәжірибең де толысқан шақ, мұндай мүмкіндікті құр жіберме. Халыққа деген жанашырлығың, елде қадірің бар. Саясатпен айналыс, бұл кейін карьералық өсуіңе де тигізер көмегі көп» деп үгіттеген соң облысқа келгенмін. Менде басқа мақсат болған жоқ. Бір таң қалатыным адамдар депутаттыққа сонша таласады, бір-бірінің намысына тиіп жатады. Сөйтсем, кәсіпкер азаматтарға депутаттық деген біраз мүмкіншіліктер береді екен. Сол үшін де жанығып кірісетін болуы керек.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан – Дәурен ӘБДІРАМАНОВ