Қазіргі таңда Шымкентте 21 мыңнан аса мүмкіндігі шектеулі жан бар. Және олардың қатары жыл санап көбейіп келеді. Әкімдік берген мәліметке сүйенсек, қаладағы жарымжан адамдардың 40 пайызы — жастар. Оқыс оқиғалардың себебінен өмір бойы төсекке танылған адамдардың саны былтырғы жылмен салыстырғанда 800-ге көбейген.
Гүлдана Мырахметоваға дәрігерлер «остеопороз» деген диогноз қойған. Бұл дерт адамда кальций жетіспеушілігінен туындайды. Бар жұмысын балдаққа сүйеніп атқаратын оның аяғы осы уақытқа дейін 10 реттен аса сынған. Қазір І топтағы мүгедек.
Гүлдана Мырахметова: «Үш жастан бері аяғым сынды. Қазір балам бар, 3 жаста. Әйел адамы болғасын қиын. Амал нешік, тағдырым осыған келіп тірелгесін күресуге тура келеді. Пәтер жалдауға 15 мың теңге төлеймін. Ал Үкіметтен алатыным — 27 мың теңге. Мына жалғыз баламды асырау үшін өзім ермін, өзім әйелмін…»
Жиырма тоғыз жастағы ана баспанасының жоғына қынжылады. Әкімдіктен үй сұрап, баспана кезегіне де тұрған. Бірақ, кезектің әлі жақындайтын түрі байқалмайды дейді. Шымкентте мүгедектердің мұңын тыңдайтын арнайы қоғам құрылған. Бірақ, олардың өзгенің күйтін күйттемек түгілі, өздерінің тұрғылықты мекендері жоқ.
Қоғам төрт айдан бері қазіргі тұрған жерін жалға алып келеді. Айына 65 мың теңге төлейтін мекеменің өзге де төлемдері көп. Соған қарамастан, көмек сұрап келгендердің де көңілін қайтармаймыз дейді қоғам өкілдері.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=CpO5aGkPty8[/youtube]
Вадим Торопов, қалалық мүгедектер қоғамының төрағасы: » Біздің орталыққа, яғни, облыстық мүгедектер қоғамына жарымжан жандар көп келеді. Әрине, өтініш-шағымдарын айта келеді. Біреулері пәтер алып беруге көмектесуімізді сұраса, екіншілеріне жер қажет. Тағы біреулері сауықтыру орталықтарына демалу үшін жолдама алып беруімізді сұрайды. Соларға қолымыздан келгенше қол ұшын беріп келеміз. Қалай дегенмен де жыл сайын Шымкентте мүгедектер саны артып барады. Былтыр көрсеткіш 20 мыңды көрсетсе, бұл жылы олардың саны 800 адамға артқан. Мамандары мұны күн сайын орын алатын жол-көлік оқиғаларымен және қылмыстың артуымен байланыстырады.