Салымшылар зейнетақы қорларынан мәлімет алуда

Тамыздың 22-нен бастап Қазақстанда Бірыңғай жинақтау зейнетақы қоры жұмыс істей бастағаны баршаға мәлім. Жақында  Қазақстанның Ұлттық банкі зейнетақы қорларындағы зейнетақы активтері мен міндеттемелерді Бірыңғай қорға аудару  бойынша кестені бекітті. Ендігі салымшыларды сары уайымға салған мәселе – жинақталған қаржының бүтіндігі. Қордан қорға ауысып жүргенде ақшамыздан айырылып қалмаймыз ба дейді олар.

Салымшылар зейнетақы қорларынан мәлімет алуда
Салымшылар зейнетақы қорларынан мәлімет алуда

Дегенмен, салымшылардың барлығы бірдей абыржулы емес. Солардың бірі – Қанатбек Сейданов зейнетақы қорында жинақтаған ақшасын уайымдамайды. Маңдай терімен тапқан қаржысы жайлы мәліметті қалаған уақытында алып тұрады.

Қанатбек Сейданов, Бозарық елдімекенінің тұрғыны: » Текстильге» жұмысқа тұрдым. Халыққа қызмет көрсету орталығынан еш қиындықсыз қордағы жинақтаған ақшам жайлы көшірмені алдым. Қазір Бірыңғай жинақтау зейнетақы қорына өткізіп жатырмын».

Жуырда ғана ғаламторда мәліметінде қателіктер бар салымшылардың қаржысы мемлекет есебіне аударылады, оны тек сот арқылы ғана қайтарып алуға болатыны туралы ақпарат тарады. Алайда, қаладағы ұжымдардың бірінде бас есепші қызметін атқаратын Ләззат Сағымбекованың айтуынша, ондай қателіктер ілуде бір кездесуі мүмкін. Оның өзінде құжатта қателік кеткен күнде аударым қабылданбайды.

Ләззат Сағымбаева, мекеменің бас есепшісі: «Қате жіберілсе, орталық қабылдамай қайтадан ақша аударған мекемеге жібереді. Әрине, кейде болып жатады, мәліметтің бір саны не әрпі дұрыс болмаса, ол өтпей қалады. Сондықтан аударымдар жасағанда мұқият боламыз.»