Түркістан қалалық Әділет басқармасының маманы Г.Пазилбекова Д.Қыпшақбаева деген азаматты жұмысқа тұрғызып беремін деп 800 мың теңге пара дәметкен. Мұнша ақшаны тауып беру мүмкіндігі болмаған соң, Д.Қыпшақбаева қалалық қаржы полиция басқармасына арызданады.
Осылайша парақор өз «клиентінен» теңге алып жатқанда қолға түседі. Қалалық Әділет басқармасының маманы Г.Пазилбекова мемлекеттік функцияларды атқаруға уәкілетті адам бола тұра, өзінің құзырына кірмесе де, бөтеннің мүлкін алаяқтық жолмен сенімге қиянат жасап, алдау жолымен бас пайдасына иемдену арқылы заңсыздыққа барған. Тіпті 650 мың теңгені қанағат тұтпай, қалған 150 000 теңгесін алып келесің деп талап еткен.
Бұл жәйт бойынша Г.Пазилбековаға қатысты ҚР ҚК-нің 177 бабы 3 бөлігінің «Г» тармағымен қылмыстық іс қозғалып, қамауға алынып, тергеу нәтижесімен сотқа жолданған болатын.
Жақында Түркістан қалалық сотының үкімімен Г.Пазилбековаға 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, ҚК-нің 63-бабы қолданылып, оған 2 жыл сынақ мерзімі белгіленді.
Артықбек Пашаев, Түркістан қаласының прокуроры