Қазақстанда жанармай тағы да қымбаттайды. Бірер күнде АИ-92 және АИ-93 маркалы бензиннің бүгінгі бағасына жеті теңге қосылады. Бензин құнының көтерілуі Ресейден елімізге импортталатын сұйық отын көлемінің қысқаруына байланысты дейді мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин.
Ертеңнен бастап Шымкент мұнай өңдеу зауыты жұмысын бір айға уақытша тоқтатады. Осы уақыт аралығында өндірісте жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Дегенмен, басшылар зауыт тоқтағанымен облыс халқы сұйық отыннан тапшылық көрмейді деп сендірді.
Болат Баетов, «Petro Kazakhstan Oil Products» ЖШС-нің өндіріс директоры: «Біздің зауыттың қорында көп қолданылатын АИ-92, АИ-93 маркалы жанармай бар. Сондықтан сұйық отыннан тапшылық болмайды деп ойлаймыз. Өйткені жоғары жақтан қосымша уақыт сұрап, қорымызды толықтырдық. Біз зауыттың жұмысын үшінші қазаннан бастап тоқтауымыз керек болатын.»
Десе де, дәл осы уақытта Оңтүстіктегі жанар-жағармай сататын 500-ден аса бекеттің тең жартысы өз жұмысын тоқтатады. Мұны «Жанар-жағармай» қауымдастығының төрағасы Қайыпбек Қамбаров айтып отыр. Бірақ, бағаның көтерілуіне зауыттың қатысы жоқ көрінеді. Айта өтейік, өңіріміздің жүргізушілері бір айда 46-48 мың тонна сұйық отын тұтынады. Ал Қазақстанда сатылатын АИ-92 бензинінің 40% -ы Ресейден жеткізіледі. Олардың айтуынша, Аи-92 маркалы жанармай көршіміздің өзінде 30-40 теңгеге қымбат сатылады екен.
Қайыпбек Қамбаров, «Жанар-жағармай» қауымдастығының төрағасы: «Ресейде АИ-92 маркалы бензиннің бағасы — 150 теңге шамасында. Оның үстіне шекарамыз ашық, Кедендік Одаққа байланысты. Сондықтан жанармай сол жаққа көп кетіп қалады деген қауіп бар. Дегенмен, еліміздің бюджеті өзімізде. Алып барып, 150 теңгеге қойып отырған жоқ. 5-6 теңге шамасында көтеріледі.»
Осылайша мамандар бензин бағасының қымбаттауы орынды десе, жүргізушілер, әрине, азар да безер. Бес жылдан бері көлігімен адам тасып, нәпақасын тауып жүрген Бекжан Жүнісов жолаушыларының тағы да азаятынын налиды.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=W3n3lPPm0Ks[/youtube]
Бекжан Жүнісов, жүргізуші: «Бензин қымбаттады. Мен де жолкірені қымбаттатамын. Содан ешкім мінбей қояды. Ең болмаса осы бағада қалу керек еді. Қиын болады енді.»
Еске салайық, АИ-92 жанармайының 1 литрінің бағасы 2010 жылы 82 теңге болды, 2011 жылы 91 теңгеден-106 теңгеге қымбаттады. Былтыр 112 теңгеге көтеріліп, 110 теңгеге тұрақтаған. Соңғы үш жылдан бері бағасы шарықтап өскен АИ-92 маркалы бензинге сұраныс та көп. Енді бірер күнде 117 теңгеге тағы да қымбаттайды. Сондықтан әрбір жүргізуші үнемділікті жанына серік ету керек дейді мамандар.