Оңтүстік Қазақстан облысындағы арық-атыздар, су қоймалары және қорғалатын су аймақтары түгелдей белгілі болды. Бұл туралы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының есебінде айтылды. Өңірдегі су шаруашылығын түгендеу барысында 2 308 каналдың 911-і коммуналдық меншікте екені анықталған.
Соның ішінде 481 канал республикалық меншікте болса, жекешелендіру кезеңінде мыңға жуық арық пен атыз жекенің меншігіне берілген. Бүгінде олардың басым бөлігін мемлекетке қайтару бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ал коммуналдық меншіктегі 911 канал көп жылдары қараусыз қалған. Енді олардың тозығы жеткен арнасын қалпына келтіруде бірқатар күрделіктер барын басқарма басшысы жасырмады.
Мұхит Отаршиев, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы: «Жұмыстың баяу жүріп жатқанының бір себебі — жұмысшылар мен техника жетіспеушілігі еді. Жақында жұмыс басына барып келдім, толығымен жұмыс атқарылуда. Дегенмен, Кентаудың экскаваторлары ұзақ жұмыс істесе, бұзылып қалады. Оларға қосалқа бөлшектер табу да қиын.»
Өңірдегі арық-атыздарды механикалық тазарту бойынша топ құрылғаны да мәлім. Облыс басшысын қызықтырған мәселе — жоспарланған жұмыстарды атқаруда топтың үлесі және де жөндеу жұмыстарының кімнің есебінен жүргізілетіні болды.
Асқар Мырзахметов, облыс әкімі: «300-ден астам канал жөнделді дедің бе? Қалғандары кімнің есебінен — аудан немесе қала, облыстың есебінен жөндеу жүргізіледі? Соны неге айтпайсың?»
Облыс әкімі бұл сұрақты текке қойып отырған жоқ. Өйткені, өңірде осыған дейін су басқан елдімекендердегі жағдай тексерілгенде арық-атыздардың, каналдардың көп жылдары тазартылмай, қоқысқа толғаны анықталған. Салдарынан ерте көктемде еріген қар суы арыққа сыймай, бірнеше елдімекенді басып қалған еді.
Осындай төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында жүргізіліп отырған түгендеу жұмыстарына тоқталған Асқар Исабекұлы иесіз және жөнделмеген бірде-бір канал қалмауы тиіс деп атап өтті. Тапсырманы орындау басқармамен бірге қала, аудан әкімдеріне жүктелді.