«Ақынмен сырласу». Таяуда қаламгер Қабылбек Төретайұлының 63 жасқа толуы құрметіне орай жыр кеші өтті. Мәдени шараға ақынның әріптестері, достары және студенттер қатысты. Кездесу аясында қонақтар кеш кейіпкеріне түрлі сауалдар қойып, мерейтойдың сәнін кіргізді. Айта кетейік, 2010 жылдың үздік жазушысы атанған Қабылбек Төрейтайұлының бүгінде 6 кітабы жарық көрген.
Қабылбек Төретайұлы, жазушы: «Мен әдебиетке ешқандай жаңалық енгізген жоқпын. Абайдан, Төлеген Айбергеновтен, Мұқағали Мақатаевтан үйренгенім — өтірік айтуға болмайды екен. Жалған сөйлеуге болмайды. Жалған жазуға болмайды. Себебі, оны оқырман біліп қояды. Сондықтан өзінің жүрегінен шыққан, таза шындықты, қаны сорғалаған ақиқатты ғана жазуға болады. Сол үшін менің оқырмандарым неге аз жазасыз деп сұрап жатады. Бірақ жырды жазамын деп жаза алмайсың, ол өз еркімен құйылып келетін нөсер ғой?! Өлең жазу деген қабілеттің өзі Алла Тағаладан беріледі. Қағазға тек өзіңнің өзегіңді өртеп шыққан дүниені ғана жаза аласың. Осы орайда Толстойдың бір сөзі бар — «Жазуды кәсіп етпеу керек, жазуға мүмкіндігің болмай қалған жағдайда ғана жазу керек». Мен де солай жазамын. Бір толғантып, тебірентіп кеткен жағдайда жазамын, кез келгенге қалам тарта алмаймын.»
Осы кешке арнайы келген оқырмандары қаламгерді пайғамбар жасымен құттықтап, сый-кәдесін табыстады. Солардың бірі — ОҚМПИ-дің студенті Назерке Құдияр. 17 жасар бойжеткен ақынның еңбектерін ең алғаш оқыған сәтін ұмытпайды.
Назерке Құдияр, оқырман: «Мен ең алғаш Қабылбек Төретайұлының кітабын 10 жасымда оқығанмын. Әлі есімде, қатты тәнті болдым. «Жан жылуы», «Сағыныш», «Қаршыға мінезді ақын», «Қара бала», «Мұрағат — ұлт байлығы» шығармаларын жатқа білемін. Осы Қабылбек ағамыздың өзге ақындардан ерекшелігі сол — шынайы дүниелермен қоғамдық проблемаларды зерттей отырып жазады. Сол үшін де ризамыз, құрметтейміз! Бүгін курстастарыммен келіп отырмыз. Ақын аға бізге кітаптарын сыйға тартты.»
Бұған қоса, мәдени шарада жазушының өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін «Ақын — елдің жүрегі» атты көрме де көпшілік назарына ұсынылды.
[youtube]http://youtu.be/OMZEQaah7bA[/youtube]