Әлем чемпионатына іріктеу кезеңіндегі төртінші матчты отандық құрама венгриялықтармен өткізеді. Жауапты ойынға дайындықты бас команда Шымкентте өткізді. Оқу жаттығу жиынына еліміздің үздік аяқдопшылары шақырылды. Олардың 99% шымкенттік бойжеткендер.
Бүгінде жаттығулар күшейтілген. Бұл Венгрия құрамасына қарсы ойынға оңтүстікте өткен соңғы дайындық. Қарашаның 20 күні жерлестеріміз жолға шықты. Өйткені матч қарашаның 23-не жоспарланған.
Мария Ялова бастаған ұлттық құрама команда Әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде тағы да ұпай үшін таласады. Осыған дейін отандастарымыз үш ойын өткізіп, қоржынға бір ұпай салған болатын. Болгариямен шет алаңда тең түсті. Ал турнирлік кестеде алты команданың арасында бесінші орында тұр.
Венгриядағы іріктеу ойыны биылғы маусымның нүктесін қояды. 2013 жыл оңтүстіктің әйелдер футболы үшін сәтті өтті. Жыл басында жерлестеріміз суперкубокты жеңіп алса, кейінен ел чемпионы атанып, жуырда ғана ел кубогін еншіледі. Ол дегеніміз келесі маусымда шымкенттік бойжеткендер европалық аренада сынға түсу мүмкіндігіне ие болып отыр.