Таяуда тілшілер қауымы өңірдегі кәсіпорындарға баспасөз-турын жасады. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың тапсырмасы бойынша ұйымдастырылған шара аясында облыстық ішкі саясат басқармасы тілшілерді Шымкенттегі екі кәсіпорынға апарды. Соның бірі — алкогольсіз сусын шығаратын «Рауан» ЖШС.
Нарықтағы кәсібін 1998 жылы бастаған «Рауан» компаниясы бүгінде алып серіктестіктің біріне айналған. Компания басшылығы 2010 жылы «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша 500 миллион теңге несие алып, өндіріс ауқымын кеңейтті, құрал-жабдықтарын жаңартты.
Айына он бір түрлі 700 шырын мен 500 тонна минералды су шығаратын мекеме қазіргі таңда Қазақстандағы ірі-ірі қалалардағы 33 дистрибютормен жұмыс жасайды екен. Бұл — сұраныстың жоғары екенін көрсетеді дейді басшылық.
Компанияның шешілмей жүрген мәселесін сұраған тілшілерге жетекшілік полиэтилен ыдыстардың қалыбын Оңтүстік Кореядан сатып алып, тасымалдайтынын айтты. Мұнайы өзімізден асып, шетелге тасып жатқан мемлекетімізде «қара алтынның» соңғы қалдықтарынан жасалатын «баклажка» жасайтын бірде-бір мекеме жоқ екен. Шикізат өзімізде жасалар болса, әрі арзан, әрі отандық өнімді пайдаланатын едік дейді кәсіпорын басшылығы.
Кәсіпорынның екінші проблемасы — зауыттың инфрақұрылымына қатысты. Тағы да «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында мемлекет мекемеге қарасса, цехтағы су тапшылығы сезілмес еді дейді.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=MEqbcdNyA9g[/youtube]