Бурса – Түркияның солтүстік-батыс бөлігінде орналасқан алып шаһар. Көлемі бойынша Ыстамбұл, Анкара мен Измирдан кейінгі орында. Бүгінде өндірісі көркейген ірі мегополисті туризмнің орталығына айналдыру үшін түрік билігі кешенді бағдарлама қабылдаған. Өйткені туризмнің ошағы болуда қаланың мүмкіндігі кең. Мәселен, шаһардың көне тарихы адамзат өркениетінен сыр шертеді. Заманында үш құрлықты қатар билеген Осман империясының іргесі осы аумақта қаланды. 1326-1365 жылдары алып империяның астанасы болған Бурса, бүгінге дейін бет-бейнесін қаз-қалпында сақтап тұр. 14-ші ғасырда салынған мешіттер мен медреселер, тастан қаланған қамалдар мен темір қақпалар, зәулім ғимараттар қазіргі таңда қаланың көрнекті мекеніне айналды.
Бурса қаласының екінші атауы Жасыл Бурса. Таудың етегі мен теңіздің жағасында бой көтерген шаһардың табиғаты көркем, ауасы таза. Қаланың келбетіне көз жүгіртсең еріксіз хас шебердің қайталанбас туындысына балайсың. Айталық, халықтың демалыс аймағына айналған Ұлы таудың етегіндегі тамыры тереңге жайылған шынар ағашы ешкімді бей-жай қалдырмайды. Көкпен таласқан алып ағаш 6 ғасырды еңсерді. Және әлі күнге дейін жайқалып өсіп, көпшілікті таң қалдыруда. Ағаштың биіктігі 35, діңгегінің шеңбері 3 метрді құрайды. Ол 950 метр аумақты көлеңке етіп тұр. Сондықтан оның төңірегі қала тұрғындары мен қонақтарының тынығып демалатын саяжайына айналған.
Шынар ағашын көруге арнайы келген туристердің қарасы көбейген соң, жергілікті билік оның төңірегін күрделі жөндеуден өткізді. Енді отбасымен келіп, табиғат аясында демалып қайтуға барлық жағдай жасалып отыр.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=W_2Nppt_zbc[/youtube]
Нью-Йорктік Мэйерстер отбасы ағаштың сұлулығынан көз алмады. Әсіресе, жер бетін жарып шыққан қатпар-қатпар тамырларын қолмен ұстап көрді. Бойына нәр жинаған шынар бүгін-ертең қурайтын емес. Әлі талай ғасыр адамзаттың көзайымы болатындай.
Ержан Жүнісов,
Түркиядағы меншікті тілшіміз
Дэнси Мэйерс, турист:
– Ағаш өте биік. Тіпті төменнен жоғары қарасаң басың айналады. Әлемнің бірнеше елдерін кездік, алайда мұндай алпауыт ағашты алғаш көруіміз. Және оған алты ғасырдан асып барады. Ол әлі жап-жасыл. Табиғаттың кереметі деп осыны айт.
Уфук Ата, Ыстамбұл қаласының тұрғыны:
– Көптен бері көріспеген достарыммен кездесіп отырмын. Қаланың шуынан қашып, шынар ағашының маңына әдейі келдім. Көріп тұрғаныңыздай, көрікті мекенде көңіл де шат-шадыман. Енді бұл ағашты балаларым мен немерелерім де көрсе деген тілегім бар.
Айла Бижаноглы, Бурса қаласының тұрғыны:
– Шынар ағашының саясында отырып демалғанға не жетсін?! Оның үстіне бұл тарихи жер болғандықтан жергілікті тұрғындармен бірге шетелдік туристер де өте көп келеді. Бурса ағашы мол, жасыл желекті гүл қала. Бірақ бізде мұндай алып ағаш жалғыз.