Ананың ақ сүтін ақтау – парыз

Шымкент қаласы әл-Фараби ауданында алтын және күміс алқаға ие көпбалалы 1411 ана бар

Шымкент қаласы әл-Фараби ауданында алтын және күміс алқаға ие көпбалалы 1411 ана бар.

Ұлттың өсіп-өнуіне бірден-бір себепкер – әйел. Сондықтан әйелге ұлтының жағдайын ойлайтын, өткен тарихтағы ұлы аналардың арманын жалғастыратын, әсемдік пен махаббаттың жаршысы ретінде бар жауап­кершілік жүктеледі. Бұл ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан кешегі Тұмар, Домалақ ана, Зере мен Ұлжан секілді үлгі тұтарлық тұлғалардың салып кеткен сара жолы. Біздің арамызда апаларымыздың жолын жалғастырып келе жатқан қарапайым әйелдер де бар. Олар атақты ғалым, танымал әнші де емес. Өмірдің ащысы мен тұщысын қатар көріп, талай қиындықты бастан өткерген, өмірге ұрпақ әкеліп, оларға саналы тәрбие беріп, өмір бойы адал еңбек еткен асыл жандар. Аяулы жар, ардақты ана, ибалы келін, бауырмал туыс, сырлас құрбы Гүләйім Өстемірқызы да солардың бірі.

Шымкент қаласы әл-Фараби ауданында алтын және күміс алқаға ие көпбалалы 1411 ана бар
Шымкент қаласы әл-Фараби ауданында алтын және күміс алқаға ие көпбалалы 1411 ана бар

Бар бақытым мен байлығым балаларым деп білетін «Алтын алқа» иегерімен таяуда сұхбаттасудың сәті түскен еді.

Біздің сұрақтарымызға биязы ғана жымиып жауап беріп отырған алтын құрсақты ананың көзінен мейірім, жүзінен қуаныштың лебі сезіледі. Жолдасы Ерғали екеуі Абызхан, Аружан, Атахан, Алтынхан, Айымжан, Ақжан және Айтахан есімді ұл-қызды тәрбиелеп, қызығына бөленіп отырған бақытты ананың бейнесі осындай-ақ болар деген ой түйдім.

– 2010 жылы “Күміс алқа” алған едім. Ал осы жолы маған “Алтын алқаның” тапсырылғанына қуаныштымын. Әрине, ана атанып, ұрпақ тәрбиелеу менің міндетім болса да, мемлекет тарапынан осындай құрметке бөленгеніме ризамын. Жолдасым екеуміздің арманымыз ұл-қыздарымыздың жоғары білім алуына жағдай жасау. «Ұлды ұяға, қызды қияға қондыру». Ертеңгі күні балаларымның әрқайсысы өз орнын тауып, елдің өркендеуіне үлес қосатынына сенімдімін, – дейді Гүләйім Өстемірқызы.

Ұлкен ұлы Абызхан 2002 жылы туған. Қазір 5-сыныпта оқиды. Математика, қазақ және ағылшын тілі пәндерін сүйіп оқитын балғын облыстық, қалалық пәнаралық олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындардан көрінген. Каратэ, шахмат секілді спорт түрлерімен шұғылданады. Одан кейінгі Аружан 4-сыныпта оқиды. Ол да ағасы секілді қазақ тілі және математика пәндерін сүйіп оқиды. Биыл өткен қалалық пәнаралық олимпиадада 1-ші орын алған Аружан ағылшын тілін жетік меңгерген. Мың бұралып билеп, фортепианода ойнағанды ұнатады. Ал, 3-сыныпта оқитын Атахан мен 7 жасар Алтынхан болса озат оқушы. Ағайындылар спорттық гимнастикаға қатысады екен. Сабақ пен спортты қатар алып жүрген қос бүлдіршіннен ата-анасы мен ұстаздары зор үміт күтеді. 4 жасар Айымжан мен 3 жастағы Ақжан балабақшада. Ал, сүт кенжесі Айтахан енді ғана тәй-тәй басып, ата-анасын қуантып жүр.

– Өз басым көпбалалы отбасында өсіп-өндім. Ата-анам бізді адамгершілікке, әдептілікке, мейірімділікке, сыпайылыққа, инабаттылыққа баулыды. Сондай-ақ, қазақ қызы деген абыройлы атқа селкеу түсірмеуімізді қатаң қадағалады. Өз кезегімде мен де ата-анамнан алған тәрбиемді балаларымның бойына сіңіруге тырысып бағудамын, – дейді Гүләйім. – Анам қыздарын еркелетіп, қолпаш­тап отырса да, «Қызды қырық үйден тыю» деген қағиданы ұстанатын. Болашақ жар, адал келін болу үшін қыздардың тәрбиесіне ерекше мән берген. Анамның «Қызбала – жат жұрттық. Ертең бір үйдің келіні атанады. Сол кезде, ата-енелерін, ағайын-туыстарын құрметтеп, отбасы бірлігін сақтай білу керек. «Өз жарыңды жаттай күт, жат көрсін де, түңілсін. Бір-біріңді қадір тұт, жұрт үлгі алсын, үңілсін» деген ақылын жаныма жалау еттім. Өкінішке орай, қазір асыл анам арамызда жоқ. Дегенмен, ол кісінің айтқан барлық ақыл-кеңесі жадымда сақталған. Ананың ақ сүтін ақтау – әр перзенттің парызы ғана емес, мойнындағы қарызы деп білемін.

Алтын құрсақты ана отбасы құндылығын бірінші орынға қояды. «Қазіргі таңда отбасын құруға ұлттық немесе қандай да бір басқа әлеуметтік тосқауыл жоқ. Алайда, отбасын құруға жастар психологиялық тұрғыдан дайын болу керек. «Үйлену оңай үй болу қиын» екенін естен шығармағаны абзал»,- дейді Гүләйім Өстемірқызы неке және отбасы мәселесіне өз ойын білдіре келіп.

Отбасы құндылық ретінде әртүрлі басымдықтарға ие. Әлеуметтік зерттеулерге қарасақ, осыдан 25-30 жыл бұрын жүргізілген зерттеулерде «Сіз үшін не құнды?» деген сұраққа жастар «Бірінші кезекте – Отан, екінші – махаббат, үшінші – отбасы, бала» деп жауап берген. Ал 2000 жылдың ортасынан бастап «Алғашқы орында – материалдық жағдай, екінші – мансап, үшінші – білім алу» деп, отбасы, бала деген құндылықтар тоғызыншы, оныншы орындарға ысырылып қалды. Демек, бұл соңғы 25-30 жыл ішінде құндылықтар жүйесіндегі күрделі өзгерістерді көрсетеді.

Отбасын құру, отбасында өмір сүру адамнан үлкен ептілікті, көрегенділікті, шыдамдылықты талап етеді. Кезінде бір отбасында кемі 5-6 бала өскен. Олар бірін-бірі жетелеп, бірінің киімін бірі киіп, біреуіне біреуі қолдау көрсетіп, үлкен дастарқан басында бір таба нанды бөліп жеп, ер жететін. Ал, қазір екі-үш баланы бағуды қиынсынатындар бар. Сондай-ақ, бауыр еті баласынан бас тартып, балалар үйіне өткізіп жатқандар да жоқ емес. Өкінішті-ақ. Дегенмен Гүләйім сынды қазақ әйелдері көп болса, бұл олқылықтардың да орны толар…

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ