Ауыл ауызсусыз отыра бере ме?!

Бүгінде республика бойынша 153 ауыл ауызсусыз отыр. Ал елді мекендерді таза ауызсумен қамтамасыз етуге бөлінген 200 миллиард теңге талан-таражға түскен

Бүгінде республика бойынша 153 ауыл ауызсусыз отыр. Ал елді мекендерді таза ауызсумен қамтамасыз етуге бөлінген 200 миллиард теңге талан-таражға түскен.

Бүгінде республика бойынша 153 ауыл ауызсусыз отыр. Ал елді мекендерді таза ауызсумен қамтамасыз етуге бөлінген 200 миллиард теңге талан-таражға түскен
Бүгінде республика бойынша 153 ауыл ауызсусыз отыр. Ал елді мекендерді таза ауызсумен қамтамасыз етуге бөлінген 200 миллиард теңге талан-таражға түскен

Елді мекендерді сапалы ауызсумен қамтуға бағытталған «Ақ бұлақ» бағдарламасы өткен аптада Үкіметтегілердің сын садағына ілінді. Үкімет отырысында Бас прокуратураның бағдарламаны жүзеге асыру барысындағы олқылықтарға байланысты 26 қылмыстық іс қозғалғаны, прокурорлық қарауға 120 актінің енгізілгені, 140 -тан астам лауазымды тұлғаның түрлі жауапкершілікке тартылғаны жөнінде мәліметтері жария етілді. Айта кетейік, бадарлама іс-шараларын жүзеге асыруға 2011-2013 жылдар аралығында 315,1 миллиард теңге бағытталыпты. Ал, 2011 -2012 жылдарда ауылдық елді мекендерді сумен жабдықтау және су бұрудағы 492 жобаны жүзеге асыруға 62,5 миллиард теңге жұмсалған. Биыл сомасы 34,4 миллиард теңгені құрайтын 168 жоба жүзеге асырылуда. Жыл басынан бері өңірлер 30,5 миллиард теңгенің қаржысын игерген. Ал ауылдық жердің орталықтандырылған сумен жабдықтау қолжетімділігі тек 45%-ды, ал су бұру небәрі 9%-ды құрап отыр. Жыл басында жоспарланған 316 нысанның бар болғаны 225-сі пайдалануға беріліпті. Жоспар бойынша 2020 жылға қарай барлық қалалар орталық су құбырларына қосылып, ауылдардың 80%-ы таза ауызсумен қамтылуы тиіс. Міне, дәл осы мақсат-міндетке жету үшін жыл сайын 329 жобаны іске асырып отыру қажет екен. Алайда облыстар оның тек төрттен бір бөлігін ғана орындауға мүдделі. Олардың тарапынан келесі жылға ауызсу жөнінде 89 жаңа жобаны іске асыру бойынша ұсыныс жасалған. Бүгінде сол жобалардың тек 68-іне ғана рұқсат беріліпті. Өз кезегінде, өңірлік даму министрі Болат Жәмішев бағдарламаның орындалмай отырғандығын бірнеше себептермен түсіндірді. Біріншіден, жергілікті бюджеттен қаржыландырылмау, екіншіден, қисынсыз жоспар, үшіншіден, әкімдіктер тарапынан құрылыс барысына бақылаудың әлсіз болуы, айналып келгенде бағдарламаны діттеген жеріне жеткізбей отыр. Айта кетейік, атауы өзгерсе де, Үкімет басында-ғылардың сынына сан рет іліксе де, таза сумен қамту бағдарламасының берекесі болмады. Құзырлы құжатта ондаған су құбыры орнатылды деп көрсетілсе, оның тек біреуі ғана жұмыс істейтін болып шығады. Ал қалған құбырлар сапасыз орнатылғандықтан, жарамсыз күйге түскен. Халықты таза сумен қамтуға бағытталған тірліктер шат-шалағай… 2020 жылға дейін бүкіл елді мекенді таза ауызсумен қамтимыз деп уәде беріп келген шенеуніктер ендігі жерде тұрғындарды ауызсумен қамтамасыз ету мәселесін кемі тағы алты жылға созатын түрі бар. «Ақ бұлаққа» қол салғандарды сынға алған Үкімет басшысы Серік Ахметов жауапты атқамінерлерді де аямады. Өңірлік даму министрі Болат Жәмішевті де сөгістің астына алды.

Айта кетейік, бағдарламаның берекесін қашырып, мемлекеттің қаржысын оңды-солды шашқандар қатары аз емес. Сандарды сөйлетсек, осыған дейін 140-тан астам лауазымды тұлға әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылыпты. Осы орайда үкімет басшысы жауапты тұлғаларға етек-жеңін жинап, шикіліктер мен олқылықтарды тамырымен жоюды тапсырды. Онымен қоса, Үкімет басшысы әкімдерге бюджеттік қаржыны жоспарлауды, жоспарлау кезеңінде қадағалауды күшейту шараларын қабылдауды жүктеді.

165 нысан жұмыс істемей тұр

Ауызсуға қатысты ахуал біздің өңірде де мәз емес. ОҚО прокуратурасы мәлімдегендей, «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында жүзеге асқан 15 елді мекендегі 165 нысан қазір жұмыс істемей тұр. Тек қағаз жүзінде іске асқан бұл нысандарға ондаған миллион теңгенің қаржысы жұмсалған. Бір ғана Сарыағаш ауданында «Ақ бұлақ» бағдарламасы шеңберінде 165 нысан салынған. Бірақ, 15 елді мекеннің ауызсу жүйелері іс жүзінде жұмыс істемей тұр. Өйткені, су алынатын негізгі қайнар алдын ала зерттелмегендіктен, қыруар қаржы жұмсалған су жүйелері қаңырап тұр. Бұл жәйт жергілікті билікке жақсы таныс. Бірақ, бағдарламаға жауаптылар бірінен-соң бірі ауыса беретіндіктен, түйткілдің төркінін өздері де дөп басып айта алмайды. Сондықтан,жергілікті атқамінерлер жұртты жұбатудан әрі аса алмай отыр. Сарыағаш аудандық тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Олжас Исмаилов «Жоспар 2020 жылға дейін созылған, оған дейін елді мекендерді 80-90%-ға дейін қамтамасыз етеміз» дегенді алға тартады. Айта кетейік, аудандағы топтастырылған су жүйесі бұдан бірнеше жыл бұрын салынған. Аяғына дейін жетпеген жұмыстың кесірінен қазір 5 елді мекенде тұратын мыңнан астам тұрғын сапалы, әрі қолжетімді таза ауызсуды тұтына алмай келеді. Оған аудандық бюджеттен биыл тағы да 60 млн теңге қаржы қарастырылған екен. Айта кету керек, Сарыағаш ауданында қазір 58 елді мекен таза ауызсумен қамтылса, әлі 96 ауылға су жүйесі мүлдем тартылмаған.

Түйін: 

Қыруар қаржы құмға сіңді, ал тұрғындар су таппай титықтап отыр. Құбырлары қаңырап тұрған ауылдағы ағайын ауызсуын бір шақырым жердегі көрші елді мекеннен тасып ішеді. Ал, қыстың күндері қар мен жаңбырдың суын күн көрісіне жаратады. Лас су ішіп, ішек ауруларына шалдығып жатқандары қаншама? Қарапайым жұрттың бұл жанайқайы халыққа тиесілі қаржыны жолдан қағып алып, қалтаға басып жатқан шенеунік мырзаларға жететін емес. Алайда, Үкімет басшысы Серік Ахметов мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда кемшілік жібергендер жеке-жеке жазаға тартылатынын қадап айтты. Үкімет осылайша «Ақ бұлақтың» қаржысын қымқырмақ болғандардың ісін майшаммен қарауға бекініп жатқан тұста, үкіметтік емес ұйымдар да тұрғындардың тұрмысына тікелей байланысты мұндай бағдарламаларға қоғамдық бақылау қажет деген бастама көтеріп отыр. Жан-жақты бақылау мақсатты жұмыс істесе, тойымсыз шенеуніктің айылы жиылар деген үміт те жоқ емес.

Мақпал РЫСБАЕВА

 

Ұласбек Сәдібеков
Ұласбек Сәдібеков

Ұласбек СӘДІБЕКОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты:

– Оңтүстік Қазақстан облысындағы Сарыағаш ауданының Құркелес және Жартытөбе елді мекендеріне осы уақытқа дейін таза ауызсу таратқыштары тартылмаған. Бұл мәселе қашан шешімін табады?

(Үкімет сағатында Қоршаған ортаны қорғау министрi Н.Қаппаровқа жолдаған сұрағынан)

 

 

Болат ЖӘМІШЕВ
Болат ЖӘМІШЕВ

Болат ЖӘМІШЕВ, Өңірлік даму министрі:

– Кімнің қашан заңды аттағаны бізді қызықтырмайды. Негізгі мақсатымыз — бағдарламаның іске асуын қадағалау, жауапкершілікті арттыру. Нысандарды дер шағында пайдалануға бермеген, қаржыны толық игермеген жауапты тұлғалар жеке жауапкершілікке тартылатын болады. Кез келген тапсырма уақытылы орындалуы керек. Ашығын айту керек, бүгінде бірыңғай тех­никалық саясаттың болмауы салдары­нан ауызсу нысандарын салу барысында сапасыз материалдар қолданылады. Осыған орай, министрлік бұл санаттағы нысандарды жобалау құжаттамасын әзірлеудің, келісудің және бекітудің ерекше тәртібін әзірледі. Осының арқасында барлық материалдарға, жабдықтар мен технологияларға бақылау жүргізуге мүмкіндік туады. Ауылдық елді мекендерді сумен жабдықтау және су бұру жөніндегі кешенді міндеттерді жүйелі түрде шешу үшін бірыңғай оператор – ауылдық елді мекендерде сумен жабдықтау және су бұру басқармаларын құру мәселесін пысықтауды ұсынамыз.

Файзулла ТҰРЫМОВ
Файзулла ТҰРЫМОВ

Файзулла ТҰРЫМОВ, Сарыағаш аудандық прокурорының аға көмекшісі:

– Аудан бойынша бес елді мекенге су құбырлары тартылған. Бірақ суға қосатын нүктесі жоқ. Аудан әкімімен ауызсу бағдарламасын жүзеге асыру барысында жоспарлау жұмыстары өз деңгейінде жүргізілмеген.