Балаларға жасалған зорлық-зомбылықпен әйгілі болған Оңтүстікте «Зорлық-зомбылықсыз балалық шақ» акциясы басталды. Жиырма күнге жоспарланған бастамада балалардың құқығы түсіндіріліп, баланың сағын сындырғандарды да жазаға тарту көзделген.
Балаларға зорлық-зомбылық көрсету, көбінесе, отбасында орын алады. Өкінішке орай, таяқпен сабауды тәрбие деп түсінетін ата-аналар баршылық. Солардың бірі — осыдан бірер жыл бұрын қазығұрттық келіншек өзінің 4 жастағы баласын бұтына жіберіп қойғаны үшін сабап тастаған еді. Соның салдарынан бүлдіршін бақилық болды.
Дильноза Мадиева, «Сана-сезім» құқықтық бастамалар орталығының психологы: «Соңғы уақытта психологиялық, физиологиялық зорлы-зомбылық көрген балалар көп кездесуде. Бізге балалардан түскен қоңыраулардың 29 пайызы осыған байланысты. Оның ішінде әке-шешесі ұрып соғатындар көп. Сондай-ақ, туыстары немесе жолдастарынан қысым көретіндер көп.»
Алайда, құқықтық орталықтарға қоңырау соқпақ түгілі, ойын ашық жеткізе алмайтын балалар қаншама?! Оған балалық шағын қорқыныш пен қысыммен өткізіп жатқандарды тағы қосыңыз. Акцияның негізгі мақсаты — осындай олқылықтың алдын алу. Әсіресе, сәбилер мен кәмелет жасына толмағандарды отбасындағы зорлық-зомбылықтан қорғау.
Ғалия Жүсіпова, облыстық балалардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы: «Балалардың құқықтарын қорғау, оларды зорлық-зомбылықтан қорғау тек мемлекеттік органдардың ғана ісі емес. Сонымен қатар қоғам мен ата-ананың да міндеті. Өмір болғаннан кейін түрлі жағдайлар орын алады. Сол жағдайларды болдырмау үшін халықты хабардар ету — біздің міндетіміз. Соның нәтижесінде жауапсыз ата-аналарға қандай шара көрілетінін түсіндіру — республикалық акцияның негізгі мақсаты.»
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=rLZSZQq4Zrk[/youtube]
Бір айдың ішінде бір ғана «Сана сезім» құқықтық орталығының тікелей желісіне 10 қоңырау түскен. Үстіміздегі тоғыз айдың қорытындысы бойынша балаларға зорлық көрсетті деген 129 шағым түсіпті. Олардың ата-аналарына түсіндірме жұмыстары жүргізілген.