Былтыр балалардың құқығы 168 рет бұзылған

34

Шымкентте зорлық-зомбылық саны 14%-ға артқан. Кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылық саны 168-ге жеткен. Психологтар мұндай жайт баланың келешегіне кері әсер ететінін айтады. Ал құқық қорғау органдары жасөспірімдерге қатысты қылмыстардың алдын алуға көшкен. 

Шымкенттік тұрғын Айсұлудың бірінші некесінен 5 баласы бар. Бірақ тағдырдың жазуымен шаңырағы шайқалыпты. Бірнеше жыл балапандарын өзі баққан анаға үлкен ұлы өз бақытыңды тауып, қайта тұрмысқа шығуына рұқсатын берген екен. Алайда екінші күйеуі Айсұлу жұмысқа кеткенде балаларына күш көрсетіп, таңертең бәрін үйінен қуып жіберетін болыпты.

«Балаларымды ұрады екен. Себебін мені тыңдамайды деп жауап берді. Көршілер айтты: «Балаларыңды сен кеткенде далаға шығарып жібереді де, сен келерден жарты сағат қалғанда ғана кіргізеді» деді. Мен бұған негізі сенбедім», – дейді Айсұлу.

Психолог мамандар қысым көрген баланың мінезі тұйықталып қалатынын айтады. Ал бұл факті келешегіне кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан ата-анасы қандай жағдайда да баламен ашық сөйлесуі керек екен.

«Зорлық-зомбылық болсын, психологиялық травма болуы мүмкін, отбасындағы ұрыс баланың психологиясына кері әсерін тигізуі мүмкін. Қорқыныш пайда болады. Өз ойын жеткізе алмайды. Егер анасы таяқ жеп жатса, өзін қорғансыз сезінетін болады. Бірінші кезекте сұхбат барысында сөйлесіп, агрессиясы басылған соң, түрлі әдіс қолданмыз», – дейді психолог Қатира Иманалиева.

Шымкентте сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық саны 14 пайызға артқан. Қаламыздың бала құқықтары жөніндегі уәкілі қыздар жігітпен әлеуметтік желі арқылы танысып, түрлі жағдайға тап болатынын айтады. Ал орын алған жайтты ата-аналары жасырып қалатын көрінеді.

«Соңғы 3 жағдай бар. Қыздарымыз онлайн түрде жігіттермен танысып, кейіннен алданып жатқан жағдайлар бар. Мектептерде баламен психологиялық кеңес жүргізу үшін ата-ананың рұқсаты керек. Бірақ баламен сөйлесуге ата-аналар қарсы болып жатады. Себебі өздерінің отбасындағы жағдайды сыртқа шығарғысы келмейді. Балалы үйде ұрлық жатпайды дегендей. Олар отбасында болған зорлық зомбылықты сыртқа шықпасын деп қарсы болып жатады», – дейді Шымкент қаласының Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Жаннетта Жазықбаева.

Ал прокуратура зорлық-зомбылыққа тап болғандар көмекті әлеуметтік желі арқылы сұрауды әдетке айналдырғанын айтады. Сөзінше кәмелетке жетпегендерге күш көрсету жағдайының орын алуына ішімдік себеп болатынын көрінеді.

«Зорлық-зомбылыққа ықпал ететін негізгі факторлардың бірі алкоголь немесе есірткіге әуестік, тұрақты табыстың болмауы, тұрмыс деңгейінің төмендігі. Мысалы күні кеше ғана жасөспірім қыз наркологиялық есепте тұратын әкесі ішімдікке тойып, келіп отбасына күш көрсеткенін жариялаған еді. Соңғы уақытта мұндай жағдайды көрсету қалыпты жағдайға айналды», – дейді Шымкент қаласы прокуратурасының Қоғамдық мүдделерді қорғау бойынша басқармасының бастығы Бақытжан Байғозиев.

Былтыр кәмелетке толмағандарға қарсы 168 құқық бұзушылық тіркелген. Оның 32-сі мектеп жасындағы бала. 2023 жылы қылмыс саны артқандықтан қала прокуроры Ғабит Мұқановтың бастамасымен «Бақытты жанұя» орталығында тегін психолог кабинетін ашу мен мектептердегі мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру жұмыстары жүргізілетін болды.