Оңтүстік Қазақстандағы мәдениет күндерінің аясында бүгін Жамбыл облыстық филармониясының «Балауса» цирк ұжымы «Таңғажайып әлем» атты шоу-бағдарламасын ұсынды. Күлкілі сайқымазақтар мен акробаттардың өнерін біз де тамашалап қайттық.
«Балауса» цирк тобының жанглері Нұрсұлтан Зұлпыхар сахна сыртында көпке көрсететін өнерін пысықтап жатыр. 21 жастағы әртіс осы «Сыйқырлы таяқшалар» құпиясын 4 жылдан бері меңгеріп келеді. Айтуынша, бұл өнер түрі жалқаулықты көтермейді.
Нұрсұлтан Зұлпыхар, «Балауса» цирк тобының әртісі: «Бұны кез келген адам істей алмайды және жылдамдық сақтау керек, көз көру қабілеті жақсы болу керек, таланатты болу керек, жалпы».
Өнер ұжымы ә дегеннен-ақ, орындалуы қиын әрі қызық бағдарламаларымен өнерсүйер қауымның көңілін баурауға тырысты. Бір қарағанда, көз ілестірмес жылдамдықпен доптарды жиғанына келген көпшілік куә болып отыр. Айтпақшы, құрылғанына 10 жыл болған өнер ұжымында 40-тан астам әртіс қызмет етеді екен.
Жандос Омаров, «Балауса цирк» тобының жетекшісі: «Басқа цирктен ерекшелігі, біздің циркімізде 5 жастан 50 жасқа дейінгі қызметкерлеріміз бар. Әрбір әртісіміздің өзіндік рөлдері бар. Мәселен кейбір цирктерде біз 5 жастағы балалардың қойылымдарда ойнауы, оның әртістік шеберлігі, сахналық мәдениетін көріп жатпаймыз».
Тараздан келген цирк әртістерінің өнеріне кішкентай көрермендер ғана емес, үлкендер жағы да тәнті болып отырғанын байқадық. Әсіресе кешті жүргізген сайқымазақтың сөздері балаларды риясыз күлкіге бөледі. Бүлдіршіндер тіпті оның айтқандарына еліктеуге тырысып жатты.
Дәулетбек Мирюсулов, көрермен: «Цирк жақсы өтіп жатыр, өте көңілді, бәріміз күліп көріп отырмыз, маған ішіндегі сайқымазақ ұнады. ол бізге доп лақтырды».
[youtube]http://youtu.be/30St0QDlqk8[/youtube]
Кеш аясында «Балауса» цирк ұжымы «Әуе гимнасты», «Сыйқырлы таяқшалар» және «Ақ толқын көгершіндер биі» сынды ерекше топтамаларын көрерменге тарту етті. Айта кетейік, Жамбыл облысының Оңтүстіктегі мәдениет күндері апта соңына дейін жалғасады.