Басқарма басшысы: «Күнгейде сақалды құрылыс жоқ»

Құрылыс басқармасына биыл бюджеттен 46 миллиард теңге ақша бөлінген
Құрылыс басқармасына биыл бюджеттен 46 миллиард теңге ақша бөлінген
Құрылыс басқармасына биыл бюджеттен 46 миллиард теңге ақша бөлінген

«Күнгейде сақалды құрылыс жоқ». Осы жылды қорытқан құрылыс басқармасының басшысы Еркебұлан Дауылбаев журналистермен өткізілген брифингте осылай деді. Сөзіне сенсек, білім, денсаулық, спорт, мәдениет, тұрғын үй салаларына қатысты жүргізіліп жатқан құрылыстардың барлығы да көштен қалмай жасалып жатыр.

Республикада салынып жатқан құрылыстардың 50 пайызы Оңтүстіктің үлесіне кіреді. Жыл соңына дейін 43 білім нысаны пайдалануға берілсе, жұмыс істей бастайтын денсаулық сақтау ғимараттарының саны да көбеймек. Бюджет бөлген 46 миллиард теңгені 96 пайызға игерген құрылысшылар жылды осылай қорыттық деп мақтанып қойды. Құрылыстың қарқынды болғаны сондай, тіпті, келесі жылдың ісіне кіретін жұмысты да жасап тастапты біздің құрылысшылар.

Басқарманың қазіргі таңда күрделі мәселесі мемлекеттік сатып алу конкурстарына қатысты екен. Және де типтік жобалардың қымбаттығы да бюджет қаржысын үнемдеуге кесірін тигізетінін айтады күнгейдің бас құрылысшысы. Сондықтан, осы түйткілдер бойынша қазір үкіметке ұсыныстар жіберілген. Басқармаға жыл басынан бері 3 мектеп бойынша қымбат жоба ұсынылып, қайта қарау үшін қабылданбай тасталыпты.

Еркебұлан Дауылбаев
Еркебұлан Дауылбаев

Еркебұлан Дауылбаев, облыстық құрылыс басқармасының басшысы: «Құрылыс келесі жылға өтпелі, жоспарда жоқ бір нысанды пайдалануға бердік. Ол Сайрам ауданында салынған 200 орындық мектеп. Ал мәселелерге келер болсақ, Үкіметке жолданған қымбат жобалар туралы ұсыныс қолдау тапса, республика көлемінде барлық әлеуметтік нысандардың типтік жобалары жасалып, жоба бағасы жөнінен ауытқу мәселесі шешілетін болады. Сонымен қатар, жобалық сметалық құн құжаттарын тез дайындауға мүмкіндік болады».

[youtube]http://youtu.be/snP-bQVEFQk[/youtube]

Өңірде баспанамен қамтылған отбасылар да көбейген. Қаланы былай қойғанда, Созақ пен Мақтаралдың да жұртшылығына үйдің кілті тапсырылған. Сондай-ақ, мұнан былай құрылысқа жауапты мердігерлердің де міндеті майшаммен қаралмақ. Мәселен, бұрын салынған нысан бойынша мердігер 2-3 жыл кепілдік берсе, енді 5 жылға дейін тырп ете алмайды. Оған қоса, құрылыстан тырнақтай кемшілік шықса, үлкен сомада айыппұл төлейтін болады.