Бокстан әлем чемпионы Біржан Жақыпов қаламыздағы №40 орта мектептің оқушыларымен кездесті. «Боксқа деген шексіз сүйіспеншілігім Бекзат Саттархановтың жеңісінен кейін тіпті күшейді» деген боксшы алтынға жету жолында аянбай тер төккенін, жетістікке жетудің кепілі – еңбек екенін де жасырмады.
Оқушылар тарапынан Біржанға көптеген сұрақтар қойылды.
«Сізді осыдан кейін спорттан кетеді деп естіп жатырмыз. Бұл рас па?» деген сауалға Біржан Жақыпов «Менің бокстағы ең үлкен шыңым – олимпиада. Бар үмітім осыған дейін өткен олимпиада болған еді. Әр спортшының арманы болады. Спортта 15 жыл жүрген соң, менің де арманым – әлем не олимпиада чемпионы болу еді. Жаттығудың арқасында, бапкерім екеуміз күні-түні ұйықтамай дайындалғанымыздың нәтижесінде әлем чемпионы болдым. Ары қарайғы жоспарды көре жатармыз» деп жауап қайтарды.
Еңбекші ауданының әкімі Ғалымжан Ілиясовтың айтуынша, кездесуге полицейлік тіркеуде тұрған қиын балалар да келген. Бұл кездесу — балаларды зиянды әдеттерден сақтануға, заң бұзушылықтарға бармауға, спортпен шұғылданып, өз уақыттарын тиімді өткізуге үндейді.
Жәнібек НҰРЫШ