«Байылдыр» металл өндірісінің қалдықтар қорымы Кентаудағы экологиялық қауіп төндіретін орынның бірі. Мұнда көктем мен күзде металл қалдықтары күл-тозаңмен бірге көкке көтеріліп, өкпеге қонады. Осыған байланысты жергілікті жұрттың денсаулығына жылдар бойы зардабын тигізіп келе жатқан орынды қауіпсіз ету жұмыстары басталды.
Кентаудағы кен өндіру орнында көптен бері жұмыс істеп жатқан техниканың дыбысы естілген емес. Жылдар бойы бос жатқан шахта тастары енді металл қалдықтарының бетін жабатын болады. Осылай ету арқылы Байылдыр металл қалдықтары орнын көпке қауіпсіз етеміз деп санайды табиғатты қорғаушылар.
100 метр тереңдікте беті тегістеліп жатқан металл қалдықтары жарты ғасыр бойы кентаулықтардың денсаулығын құртып келгені рас. Кен өндіру орнынан шыққан көк күл көктем мен күзде бүкіл қаланы көмкеріп қалатын-ды. Сондықтан да қалада өкпе ауруына шалдыққыш адам көп. Консервациялау жұмысын бастап кеткен табиғатты қорғаушылар мен жергілікті коммуналшылар енді шаһар мұндай қиындықтан арылады деген сенімде.
Бибігүл Ибрагимова, табиғатты қорғау жобалары мен бағдарламаларын іске асыру бөлімінің жетекшісі: «Металл қалдықтары қорының жалпы аумағы 365 гектарды алады. 2008 жылы қалдықтардың көп бөлігін консервілеу жұмыстары өткізілді. Қалған қалдықтардың бетін жабу кейінге қалдырылған. Жұмыстардың барлығы желтоқсанның аяғына дейін аяқталады».
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=nMY7hHymCgg[/youtube]
Әсілінде, әлемдік талап бойынша мұндай орындарды қауіпсіз ету үшін қалдық бетіне су құйылады. Өйткені, 100 жылдан кейін де кен қалдықтары зардабын тигізуі мүмкін. Алайда, бұл мәселе әзірге өзекті күйінде қалып отыр. Сондықтан, бүгінгі күнгі жалғыз жол оның бетін таспен жабу. Ал тастың қаншалықты тиімді боларын уақыт көрсетеді.