Облыс әкімінің орынбасары - Сапарбек Тұяқбаев
Облыс әкімінің орынбасары — Сапарбек Тұяқбаев

Шымкенттік дүкендерден дүйсенбіден бастап нанды қайтадан 35 теңгеден сатып ала аласыз. Өткен аптада бөлке нанның құны 3 теңгеге қымбаттап, азық-түлік дүкендерінің сөрелерінде 40 теңге деген баға пайда болған. Себебі, нан пісіруші наубайханалар сол сату орындарына тарататын нан бағасын 2-3 теңгеге көтергенімен, 37-38 теңгенің наны үшін 2-3 теңгені ешкім қайтара алмайды.Сондықтан, дөңгелек сома көпшіліктің көзіне бірден түрпідей тиді. Облыс әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаевтың айтуынша, облыс орталығында ең маңызды азық — нан құны 2008 жылдан бері тұрақты сақталып келеді. Ал қуат көздерінің, жанармайдың бағасы бірнеше рет өзгерді.

Осыдан бір жарым жыл бұрын азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша Корпорациямен түзілген келісім-шарт мерзімі тамыз айында аяқталды. Нарықта шығынға ұшырағысы келмеген наубайханалардың «пысықтығы» да заңды. Қазір орын алған нан бағасындағы өзгерісті шешу үшін облыстық бюджеттен 200 миллион теңге бөлініп, дүйсенбі, 11 қарашадан наубайханаларға ұнның келісі 50 теңгеден жеткізіледі. Шын мәнінде, астығы мол Солтүстік өңірлердің өзінде ұнның келісі 57 теңгеден кем емес. Осындай проблема үздіксіз орын алмас үшін, қазір өңірде екі бірдей нан комбинаттарын салу жобасы қарастырылып жатыр. Қазір оның құжаттары мен есептеу қағаздары қолға алынған.