Жергілікті бюджетке түсетін кіріс көздерінің салық базасын ұлғайту бойынша қала әкімі өкім шығарған болатын. Осыған сәйкес Шымкент қаласы салық басқармасымен әр аудандық салық басқармаларында жұмыс топтары құрылған. Мақсат- жеке тұлғалардың мүлік, жер салықтары бойынша берешек сомаларды бюджетке өндіру. Сондай-ақ қала аумағындағы жеке тұлғалардың тіркеуден өтпеген жылжымайтын мүліктерін анықтау,бағалау жұмыстары басталды.
Асылбек Арапбаев, Шымкент қаласы бойынша салық басқармасының басшысы: «Жұмыс топтарының атқарған жұмыстарына тоқталсақ: жалпы 30 615 нысан/тұрғын үйлер/ қамтылды. Соның ішінде жалпы бағалау құны 8 706 миллион теңге құрайтын 2 740 тіркелмеген тұрғын үйлер анықталып, 9 миллион теңге мүлік және 1,2 млн. теңге жер салығы қосымша бюджетке өндірілді».
Ағымдағы жылдың басынан бері 174 миллион теңге мүлік салығы қосымша есептеліп, толық бюджетке өндірілді. Жер телімдері бойынша салықты есептеуге түгендеу жұмыстары жүргізіліп, 118 жеке кәсіпкердің салықты толық есептемеу және мүлдем төлемеу фактілері анықталып, нәтижесінде 38,6 миллион теңге салық қазынаға түсті.
Асылбек Арапбаев, Шымкент қаласы бойынша салық басқармасының басшысы: » Жыл басынан мүлік, жер,көлік салығын мерзімінде төлемеген 5 079 салық төлеушілер бойынша жалпы берешек сомасы 22,8 миллион теңгені құрайтын материалдар сотқа жіберілді.Бүгінгі таңда мәжбүрлеп өндірілген сома 8,5 миллион теңге».
Міндетті салықтардан жалтарғандардың тізімі халыққа қызмет көрсету орталықтарына жолданған. Осылайша құжаттарын рәсімдеуге барған азамат өз қарызы жайлы қайта ескерту алады. Одан нәтиже шығармағандардың ісі сотқа жіберіледі.