Сексеуіл сиреп барады

Сексеуiл – ағаш тұқымдас өсiмдiк

20 жылда сексеуіл алқаптары 4 есеге кеміген. Шөлейтті далада құм төбелердің көшкінін кісендейтін, ұлан-ғайыр адырлардың топырағын эрозиядан сақтайтын, жанғанда көмірді жолда қалдыратын сексеуіл ерекше қорғауды қажет етеді. Себебі, еліміздің орман қорының 40%-ын құрайтын сексеуілге көз тіккендер азаятын емес. Мамандар сексеуіл алқаптары кеміген үстіне кеміп барады деп дабыл қағуда. Сексеуіл ағашын кесуге тыйым салынған. Осылайша Үкімет сексеуіл алқаптарын кеңейтіп, жойылу алдында тұрған бағалы ағашты сақтап қалмақ.

Сексеуiл – ағаш тұқымдас өсiмдiк
Сексеуiл – ағаш тұқымдас өсiмдiк

Өте сирексіп қалған сексеуілді қолдағы бар ұрығынан өсіріп, жаңа алқаптарын жасау қолға алынды. Бірақ, іс-шаралардың жүргізілуіне қарамай, оның діттеген деңгейге жетпей тұрғаны ащы болса да шындық.

Сексеуiл – ағаш тұқымдас өсiмдiк. Орталық Азия мен Араб елдерiнде онға жуық түрi болса, елімізде ақ, қара және Зайсан сексеуiл деген үш түрі кездеседі. Ақ сексеуіл — құмды төбелерде, қарасы тегіс жазықтарда бітеді. Оның тамыры 10-11 метр тереңдікке дейін кетеді. Оларға баяу бой көтерер кірпияздық тән. Жиыр­ма бес жылда 1,5-2 метрге де­й­ін өседі. Тіпті, бұтақтарының биіктігі 5 метр-ге дейін өсетіндері де кездеседі. Ал, қарасы ақ сексеуілге қарағанда жуандау, әрі ірі келеді. Биіктігі 7 метрге дейін жетеді. Тамырын тереңге жаяды. Осы екеуiне тән ерекшелiктер Зайсан сексеуiлiнде де бар. Жалпы айтқанда үшеуi де тарғылданып, иiр-иiр болып өсетін, өңдеп құрылыс материалдарын жасауға келмейтін, тұрмыста тек отыннан басқа қажетке жарамайтын ағаш.

Биыл сұғанақтық-қа қарсы ұйымдас-тырылған 57 рейдтің нәтижесінде орман заңнамасын бұзып, сексеуілді шапқан 27 оқиға тіркелген. Келтірілген зиян 519 мың теңгені құрады. Бұл тексеру кезінде хаттамаға түсірілгені ғана. Ал түн қатып, болмаса күндіз де қадаға­лаудан қалтарыста сексеуіл тасып ұстатпағандар қаншама. Бір қызы­ғы, тамызыққа ағаш ұрлаушы­лар­дың арасында жылда орманшы­лар­дың құрығына ілігетін тұрғындар кездеседі. Сексеуілдің қызу қуатына құ­мар­лардың азаймай отыруының түрлі себептері бар. Шынтуайтында, олар­дың бұл уәжі қисынды. Өйткені, бірқатарында не автокөлік, не аткөлік жоқтың қасы. Оған орман алқабында қашықтықты қадағалауға арналған мұнаралардың орнатылмағанын қосыңыз. Орманның көзделген дәрежеде өсіп-өнуіне кедергі – өрт, атжалмандар. Қыруар қаржы жұм­салып, қаншама жыл тер төгіп, ерен еңбекпен аялап өсірілген ор­ман алқаптарының әртүрлі себептермен орны ойсырап қалатыны өкінішті.

Айжан Ермекқызы

Нұрмахан ЖҰМАҒҰЛОВ
Нұрмахан ЖҰМАҒҰЛОВ

Нұрмахан ЖҰМАҒҰЛОВ, Орман және жануарлар әлемін қор­ғау жөніндегі мемлекеттік ме­кеменің басшысы :

– Бүгінде «Ор­ман­дарды күзету, қорғау, қорын молайту, жаңадан орман өсіру» бағдарламасы қол­ға алынған. Соның негізінде сексеуіл ор­ман­дарын молайту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аталмыш бағдарлама негізінде жыл сайын 18 гектар жерге сексеуіл тұқымы себіледі. Биыл 100 мың сексеуіл тұқымын жинап алдық. Өкінішке орай, еңбегіміз зая кетті. Жиналып алынған тұқымды атжалмандар жеп кетті. Атжалмандармен күрес үшін түрлі техника мен арнайы мамандарды жұмылдыру көзделуде.