Шымкенттік жастар дүниежүзілік жер күніне орай ағаш көшеттерін отырғызды

Шымкенттік жастар дендрологиялық саябақта 50-ге жуық көшет отырғызды. Дүниежүзілік жер күніне орай өткізілген семинар қатысушылары экологиялық өзгерістер мәселесін көтерді. Әлемдегі климаттық ауытқулар тақырыбын қозғаған семинар үшінші мегаполисте алғаш рет өткізіліп отыр.

Шымкентте «Дүниежүзілік жер күніне» орай оқыту семинары өтті. ASA жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен семинарда 40-қа жуық жас оқытудан өтіп, әлемдегі климаттық өзгеріс тақырыбында сабақ алды. Экологиялық мәселелер жөнінде өткен семинар соңы дендросаябақта ағаш егу дәстүрімен жалғасты.

Бақтияр Өнербаев, Шымкент қаласы Ішкі саясат және жастар ісі жөніндегі басқарма басшысы: «Мемлекет басшысы Қазақстанда әсіресе су тасқыны қаупі жоқ аймақтарда тазалық акциясын бастаған. Сол акцияның аясында көптеген шаруалар атқарылып жатыр. Гүлзар, саябақ, көше, аулаларды барлығын тазалап, екінші апта тазалық жұмыстары жүріп жатыр».

80-ге жуық жас қаланың ең басты демалыс орны саналатын дендрологиялық бақта ағаш отырғызды. Семинар қатысушылары саябақта 50-ге жуық көшет екті.

Данара Саранова, ASA жастар қоғамдық бірлестігінің төрайымы: «Екі күндік семинар-тренинг аясында жастармен бірге диалог құрып жатырмыз. Қандай проблемалар бар, оларды қалай шешуге болады? Таңертең практика болды, енді соны жалғастыру ретінде 80-ге жуық адам тал егіп жатыр. Болашаққа өз үлесін қосып жатыр».

Айта кетейік, Шымкенттен бастау алған тренинг Қазақстанның 5 қаласында жалғасын табады.