Шаруадан шаршамаған Шақшанбай ата

Шақшанбай Серкебаев
Шақшанбай Серкебаев
Шақшанбай Серкебаев

Кеңседе отырып ұзақ жыл еңбек еткен кей кісілердің өзі зейнет жасына дейін әрең шыдап, зейнетке шыққаннан соң отбасында, немере-шөберелерінің ортасында болуды қалайтыны белгілі. Әрине, ет пен сүйектен жаралған әрбір адам шаршайды. Бойында күш-қайраты кетпесе де, жүйкесі сыр беруі мүмкін. Дегенмен арамызда жас кезінде қара жұмысқа байланып, колхоз-совхоздың техникаларын ұршықтай үйіріп, қандай іс болса да білек сыбана кірісіп, қиындыққа мойымай, ақ тер, көк тер бола жүріп, зейнетке шыққаннан соң да, қолынан келетін іспен айналысып, халыққа пайдасын тигізіп жүрген азаматтарымыз бар. Соның бірі – Бәйдібек ауданына қарасты Көктерек ауылының ауызсу жүйесін бақылаушы-оператор Шақшанбай Серкебаев.

Шақшанбай Серкебайұлы орта мектепті бітіре салысымен еңбекке ерте араласады. Шаруа қожалықтардың техникаларын айдап, пішен шауып, мал да баққан. Кейіннен ел ағасы атанып, зейнетке шыққаннан соң қол қусырып қарап отырмады. 2005 жылы ауылға ауыз-су жүргізілгенде ауыл әкімі мен ауыл адамдары осы іске көмектесуін сұрапты. Содан кейін Шақшанбай ата халықтын ұсынысын қабыл алып, құрылыстың басы-қасында болып, жұмыс барысын қадағалап жүреді. Ауыл ішіндегі асфальт жолды сақтап қалу мақсатында су құбыры тасталататын жерді жолдың шетінен, арықтың жанына таман етіп, қопарып тастамас үшін, жолды кесіп өтетін жерлерді трактормен емес, қолмен қаздырады. Осылайша межеленген жұмыс біткенше шыдап, ерінбей еңбек еткен азаматқа басшылар тарапынан сенім білдіріліп, «осы ауылдың су жүйесінің бақылаушы-операторы болыңыз» деп қолқа салынады. Су жүйесінің қыр-сырын білетін, кішігірім жұмыстар өзінен артылмайтын Шәкең (Шақшанбай ата) ойланбастан келісе кетеді.

Міне, тиянақты тірліктің арқасында аталған ауылда су жүйесі жағынан айтарлықтай мәселе жоқ. Бүгінде Көктерек ауылындағы 276 тұрғын үйдің тұтынған ауызсуының төлемақысын жинау мен ұзындығы 14 шақырымға жететін ауызсу құбырының бүлінбеуін қадағалау Шақшанбай ата мен оның көмекшісі Әзімбай Байқұловтың көп міндеттерінің бірі. Ауылға су келудің де өзіндік жүйесі қалыптасқан. Ауыз-су 1,5 шақырымдағы «Шекербек бұлақ» деген бастаудан басталып, ең алдымен 220 тонналық су бассейніне айдалады. Мұнан соң су бассейнінен ары қарай тағы бір насос арқылы ауыл жанындағы 28 тонналық мұнараға су толтырылып, халыққа таза ауызсу беріледі. Бұл жерде кездесетін түрлі қиындықтар мен түзетілуі тиіс жұмыстар да бар екен. Оны Шәкең жасырып қалмады.

— Біріншіден, 220 тонналық су бассейніне су жинау үшін тартылған 5,5 см-лік құбыр тарлық ететіндіктен, таңғы 7,30-дан кешкі 6,30-ға дейін су айдайтын насосты 11 сағат бойы үздіксіз қосуға тура келеді. Ал қуатты насос сағатына 6 кВт электр энергиясын жеп жатыр. Артық салмақ түсетіндіктен аппараттарымыз да күйіп кетіп жатады. Ал қосымша насос деген жоқ. Егер осы маңға диаметрі үлкен құбыр қойып, автоматты түрде істейтін насос қойылса, дұрыс болар еді. Сонда электр энергиясын екі есеге төмендетуге болады. Біздің жұмысымыз да жеңілдер еді. Себебі, алда қыс келе жатыр. Қыс мезгілінде ауылдан 1,5 шақырым жерге күнде барып-келу бізге өте қиын. Қыста қарға малынып жатсақ, ал көктемде өзен арнасынан асып, су тасыған кезде 2,5 шақырымдай жерді айналып барамыз, не болмаса белшемізден су кешуге тура келеді. Ал автоматты түрде істейтін насос болса, онда барудың қажеті болмас еді. Одан соң көшеге қойылған жәшіктерді жазда сиыр сүйкеніп құлатса, ал қыста жәшік ішіндегі құбырдағы су қатып қалып, жарылуда. Сондықтан оны жер астына орналастырса екен деймін, – дейді Көктерек ауылдық ауызсу жүйесінің бақылаушы-операторы Шақшанбай Серкебаев.

Сондай-ақ, Шақшанбай ата «ауыл тұрғындары ауызсуды үй ішіне де кіргізіп алғаны жөн болар еді» дегенді айтады. Себебі, қыс мезгілінде су айналымда болса, құбыр ішінде мұз қатпайтын көрінеді. Барша тұрғындарға айтып, насихаттап жүрсе де, суды үй ішіне кіргізіп, жылыту қондырғысын орнатып, қыс мезгілінде шелек көтеріп су тасып, теперіш көрмей отырған үй ауылда саусақпен санарлықтай ғана екен.

Біз аталған мәселе бойынша тиісті басшылар мен ауыл тұрғындары ойланып, бір шешімін табар деген үміттеміз. Өйткені Шақшанбай атаның шырылдап айтып жүргені жеке бастың қамы емес, тұтас ауыл тұрғындарына қатысты маңызды мәселе. Тек көктеректік тұрғындар ғана емес, ауызсуды үйге кіргізіп алып, қыс мезгілінде қиналмай отырған бәрімізге де пайдалы емес пе?! Онда айтылған жәйтті назарға алып, қара суық сезілмей тұрып, уақытты үнемді пайдаланып, қарекетімізді жасап қалайық, ағайын!

Бағлан НҰРАЛЫҰЛЫ