Қылмыстық кодекстің «Тонау» бабымен 3 жылға сотталған 20 жастағы егіз жігіттің бас бостандығы үш жылға шектелген. Пробация бақылауында жүргеніне жыл толған. Олар қайда барса да пробация қызметіне есеп береді. Мысалы, айына 3 рет пробация қызметіне барады. Күнде кешкі сағат сегізде тұрғылықты мекен жайында болуға міндетті. Бұдан бұрын сот міндеттеген қоғамдық жұмысқа бармай, тәртіпті бірнеше рет бұзғаны үшін екеуіне де электронды білезік тағылған.
«Біздікі бас бостандығынан шектеу жазасы болғандықтан бұл түрмеден алдыңғы жаза. Түрмеден қарағанда жеңіл болады. Жұмысқа емін-еркін кете алмайсың. Оннан кейін шыға алмайсың. Қала аумағынан шыға алмайсың».
Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мәліметінше, Шымкентте мың бес жүзге жуық сотталған адам пробация есебінде тұрады. Оның ішінде 320-сы Тұран ауданы аумағында тіркелген.
«Пробация бақылауында болсам да бостандықтамын. Көршілермен сөйлесемін, үйге көмектесемін, қалаға шығамын».
Қазіргі уақытта департамент қызметкерлері полициямен бірге «Учаске» атты профилақтикалық іс-шара өткізіп жатыр. Мамандар сотталғандардың үйіне барып, заң талабына сай оларды тексереді. Сотталғандардың ішінде қылмысқа, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа бейім, ішімдік ішетін және есірткі пайдаланатындары бар. Қызметкерлер мысалы, олардың кешкі уақытта тұрғылықты мекен-жайында болуы, қала аумағынан шықпауын қадағалайды.
Меруерт Оразәлиева, Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті: «Кешкі уақытта сағат сегізден кейін тұрғылықты мекен-жайы бойынша тексереміз. Оның тұрғылықты мекен-жайға келу уақыты, одан кейін болу уақыты деген сияқты, тұрғылықты мекен-жайы ауыспауы бойынша және пробация қызметіне міндетті келу уақыты, сот жүктемесіне сай міндеттерді орындау бойынша тексеріп отырамыз. Тұрғылықты мекен-жайына барамыз, ол кісінің отбасымен сөйлесеміз, ол кісінің отбасында өзін ұстауы агрессивті ма, зорлық-зомбылыққа бейім ба деген сияқты көршілерімен сұхбат жүргіземіз. Олар бойынша мінездемелер алып жекесіне тігіліп, соған сәйкес қылмысқа бейімділігі бойынша бағалаймыз. Сол бағалауға байланысты сотталғандармен қалай жұмыс істеу бағыты анықталады. Соның ішінде Тұран ауданында қылмысқа бейім деп танылған 21 сотталғанды электронды бақылау құралы пайдаланылған».
Оразәлиеваның сөзінше, электронды білезік сотталғандардың қашан, қайда жүргені туралы ақпарат береді. Білезік сотталғандарға бірден тағылмайды. Заң талабын бұзған жағдайда әуелі ескерту беріледі.
Меруерт Оразәлиева, Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті: «Жұмыстан келген уақытын есепке аламыз, қайту уақыты деген сияқты. Содан кейін себепсізден себепсіз пробация қызметіне хабарландырмай тұрғылықты мекен-жайын тастап кетуге және қала аумағынан шығуға мүлде болмайды. Тыйымды бұзған жағдайда бірінші кезекте сотталғанға ескерту береміз. Екінші ескертуді тағы да бұзған жағдайда біз сотқа бас бостандығын шектеу жазасын бас бостандығынан айыру үшін құжат жолдап, сотты күтеміз. Сот біздің берген ұсынымды қанағаттандырған жағдайда бас бостандығынан айыру жазасына алмастырылып жазаны түзеу мекемесіне өтеуге жолданатын болады».
Ресми мәлімет бойынша, жыл басынан бері Тұран ауданында түрлі мерзімге бас бостандығы шектеліп, пробациялық бақылауға алынған 27 сотталғанның ісі қайта сотқа жолданған. Олар заң талабына бағынбай, сот жүктеген міндеттерден жалтарған, іздеуде жүрген және электронды бақылау құралын бұзғаны үшін түрмеге жабылған.
Дилара Иса






