№34 үйдің сыртқы көрінісі

 Қара төбе тас жолындағы №34 көпқабаты үй бұрын жатақхана болған. Бүгінде ондағы 200 ден астам жанға санитарлық жағдайы сын көтермейтін бір ғана әжетхана жұмыс істейді. Тамақты сығымдалған газ балонын пайдаланып дайындайды. Өрт қауіпсіздік шаралары мүлдем сақталмаған үйде тұруға қорқамыз деген бір топ тұрғын төтенше жағдайлар басқармасына арызданыпты.

 

№34 үйдің сыртқы көрінісі
№34 үйдің сыртқы көрінісі

Үйдің табалдырығын аттамай жатып мүңкіген иіс қолқаңды қабады. Кіре берістегі баспалдақпен жоғарғы қабатқа көтерілу де қауіпті. Жылт еткен жарық та жоқ мұнда. Кәріз жүйелері жарамсыз.Табиғи көгілдір отының орынына әрбір пәтер иесі сығымдалған газ балон тұтынады. Осындағы 75 бөлмеде 75 қауіп бар десеңіз, қаталеспейсіз.

Өрт бола қалған жағдайда жоғарғы қабаттан тысқа шығатын қосымша баспалдақтарды айтпағанда, күнделікті пайдаланылатын екі тепкішектің біреуі ғана жарамды. Екіншісі қоқысханаға айналған. Бір қызығы осының бәріне тұрғындардың басым бөлігі немқұрайлы қарайды. Өйткені, мұндағылар бөлмені жалға алып тұрып жатқандар. Тазалық пен қауіпсіздікке ат үсті қарайтын тек тұрғындардың өздері ғана емес екен. Мұндай үйде өмір сүру қауіпті деп дабыл қақан жерлестерімізбен кездесуге төтенше жағдайлар басқармасының  мамандары ғана келді.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=bx4jpJsCcuM[/youtube]

«Жалғыздың үні шықпас» деген осы болар сірә. Өмір сүруге мүлдем жарамсыз үйді мекендегендерге аз да болса көмек деген болар, төтеншеліктер өрт қауіпсіздік ескертпе парақтарын үлестіріп қайтты. Ал аудан әкімдігі құзырлы мекемелерге хат жазып, тұрғын үйді жаңғырту мен жаңарту бағдарламасына енгізу үшін пәтер иелерін көндіре алмай жүр.