– Амансызба, Әселхан апа? Сізді БАҚ-бетінен көрмегелі көп болды. Айтыс сахнасына да шықпайтын болдыңыз. Шымқалада өтетін облыстық шараларға да қатыса бермейсіз. Өзіңізді Шымкенттен Шәуілдірге арнайы іздеп келгендегі білмегіміз де осы еді. Немен айналысып жатырсыз? Қайда жүрсіз?
– Осы ауылдың жаман ақыны да, жақсы ақыны да менмін. Қыздары «Қыз сыны» байқауына қатысса, таныстыру өлеңін мен жазамын. Ұлы отау құрса да, құттықтау өлең менің қаламымнан шығу керек. Өлім, жітім, еске алып, ас берсе де, арнау жазу менің мойнымда. Ауылда басқа да ақындар жоқ емес. Білмеймін осы жұрт соларға барғысы келмейді. Міндетті түрде сіз жазуыңыз керек деп, келіп тұрып алады. Солай қарағым, өлең жазып жатырмын…
– Осы сізге ақындық өнер кімнен дарыған? Айтыс сахнасына сізді жетелеген кім?
– Айтыс деймісің… Ол жайлы кейінірек айтайық. Ал ақындыққа келсек, біздің тұқымымызда Ергөбек Құттыбайұлы деген ақын өткен. Мен соның ағасы Қалыбектің немересімін. Ергөбек пен Қалыбектің анасы Ақбөбек те ақын болған кісі. Сол екеуінен келе жатқан ақындықты мен жалғастырдым. Айтыс ақыны боламын деп ойлағаным жоқ. Біздің жас кезімізде айтыс деген құрып, жоқ болып кеткен. Елемес Күзенбаев деген ағайымыз алғашқы өлеңдерімді аудандық «Қызылқұм» газетіне жариялады. Ол кезде 7- 9 сыныптарда оқып жүргенбіз, ақын болып қалғандай сезінгенім бар өзімді сонда. Мектепте оқып жүргенімізде қабырға газетін басқаратынмын. Кітапты көп оқыдым. Мектептегі кітапхананың бүкіл кітабын 10-шыны бітіргенше тауыстым. Көксарайдағы Мұхтар Әуезов атындағы мектепте оқығам. Атам осындай ақын болғаннан кейін, әкем менен үлкен үміт күтіпті. Мені туғанда әкем аузымды ашып көріпті. Менен үлкен ағамды да солай тексерген екен. Одан түк шықпаған соң, мені туғанда шешеме « Әй Тұраш, бізге құдай берді, мына қыз ақын болады» депті. Өсе келе әкем мені қыз секілді емес, ұл секілді өсірді. Өзімнен үлкен ағам Әкімхан (оны -Әкімші деп атап кеткенбіз) екеуміз совхоздың жылқысын бағамыз. Совхоздың асау жылқыларына бас білдіруді мойнымызға алғанбыз. Ең шыңғырып тұрған асауға мен бас білдірмесем, ұрыс шығаратынмын. Өйткені, ол қызық! Әр атқа бас білдіргенімізге бес сомнан ақша төлейтін. Ол кезде бес сом деген көп ақша. Соны кәдімгідей қаражат қылатынбыз. Қант алып, шәй алып, қуанып әке-шешемізге әкелетінбіз. Кейін халыққа керек болды айтыстым, керек болды асауына бас білдірдім. Тіпті екі балалы келіншек болған кезімде мені қыз қууға шығарып жіберді. Өтебай көкем Шопандар тойында «Елдің намысы үшін шығасын» деді, шықтым. Ал айтысқа шығарда «домбыраны тарта алмаймын. Айтыстың қандай екенін білмеймін. Екі-үш ауыз «Қызылқұм» газетіне жазып жүргенім болмаса, өлең дегенді білмеймін» деп біраз қипақтадым. Болмады. Өзім жетім жігітке тұрмысқа шықтым. Балалы болып, олардың ауыратыны бар дегендей, үйден шыға алмайтын жағдайда едім. Сөйтіп қиналып жүрген кезде, бұл айтыс келіп менің өміріме кірді де кетті. Осы күні ойлап қарасам, сиыр сауып, от жағып, күл шығарып жүрген кезімде күйкі тірліктен мені суырып алған айтыс екен. Осылайша айтысқа 31- 32 жасымда шықтым. Домбыра шертуді үйрететін де адам жоқ. Күйеуімнің кішкене музыкадан хабары бар. Сол құлағын туралап береді домбыраның. Соныменен жаңағы дыңғыр-дыңғыр еткізіп, ең алғашқы айтыста Қасым Аманжоловтың «Өзім туралы» деген өлеңінің әнін үйреніп, сонымен шыққанмын. Айтыста бір шапқан жүйрік, қайта шаба береді екен. Партияның кезі. Айтысқа барасың деген соң, күйеуімнің қарсылығына да қарамады. Киім тіктіріп берді де, дүр етіп көгілдір экраннан шығарып кеп жіберді. Бүкіл қазаққа сол айтыстың алғашқы көшін біз Әсия құрдасым бар, Әбдікәрім әріптесім досым бар, Жаниба деген анау Атырауда бір қыз бар… бәріміз бірге бастап бердік қой.
– Айтыста алған ең үлкен жүлдеңіз қандай?
– Мен үшін айтыстағы жүлденің үлкені — халықтың ықыласы! Мені халық өте жақсы көрді. Әлі жақсы көреді. Мен соған қайран қаламын. Тіпті базарға барсам да, «Әселхансың ба?» деп артымнан жүгіріп келіп іздеп сәлемін беріп жатады. «Әселханмын» десем, «қолыңды бір алайыншы, бетіңнен бір сүйейінші қарағым» деп кемпірлер кәдімгі жүзігін, не сырғасын сыйлап жатады. Өнерге өте адал болдым. Осы күнгі ақындарды жамандағаным емес. «Смс» деген бар, «факс» деген бар. Бір-біріне жібереді алдын ала дайындалған өлеңдерін. Осылайша «айтысымыз жақсы шықсын» деп, алдын-ала келісіп шығады сахнаға. Байқасам, бұлар бір айтқандарын екінші рет айтып жатады. Бұл өнерге деген адалдық емес қой! Қайталау- білім анасы рас. Бірақ, қайталау- өнер анасы емес еш уақытта. Қайта масқарасы ол! Мәселен мен әншейін ауылда айтқан бір ауыз өлеңімді, ауданда айтқан жоқпын. Ауданда айтқан бір ауыз өлеңімді мен тарығып, Шымкентте айтқан жоқпын. Облыста айтқанымды мен республикада айтқаным жоқ! Қасымызда Қадыр Мырзалиев жүрді. Қадырдың көзінше бір сөзіңді қайталап көрші? Бір күнде, мысалы, Әбдікәрім екеуміз төрт ретке дейін айтысып жүрдік. Соңында Қадырдың «Айналайындар, мына екеуінің арасында тақырып қалмады айтатын. Екеуін бір күнде азанда, кешке екі-ақ рет айтыстырайық» дегені бар. Осыдан екі жыл бұрын Жүрсін шақырып, Есенқұлмен ретро айтысқа шықтым. Сол айтыста халықтың ықыласын көріп таң қалдым. Көздеріне жас алып отырды біразы. Айтысымыз керемет өтсе, бізден бай, бізден бақытты адам жоқ болатиын. Елге келгенше жүрегіміз лүпілдеп, қуанып келеміз. Ал, қазіргі айтыскерлердің бағасы қанша көлік мінгенімен бағаланады.
– Қай ақынмен айтысқан сәттеріңіз есіңізде қалды? Қарсыласыңыздың мысы басылған кездеріңіз болды ма?
– Енді ондай сәттер, айтыстар көп. Дегенмен, Әбдікәріммен айтысым сәтті шығатын. Екеуміз тең түсіп отыратынбыз. Есенқұлмен де айтыстарым қызықты болатын. Ол әрі жазба, әрі суырып салма мықты ақын еді ғой. (Әселхан апа Есенқұл ағаның қазасын айтып, қамығып қалды). Қазір шықпай кетті Дүйсенбай дейтін ақын бар еді, Жезқазғанның Мұқаш деген ақыны да жақсы айтатын. Ерік Асқаров, ініммен Әзімбек Жаңқұлиевпен айтыстым. Бұл айтыстардың бәрі де көкірегімде сайрап тұр. Дегенмен, менің ыңғайма келгені Есенқұл мен Әбдікәрім көп келетін еді. Әзіліміз жарасатын. Мысалы Есенқұлдың:
Армысың айдай сұлу ақ келіншек.
Бүгін менің аузымды бақ келіншек.
Бір күнге сен күйеуден, мен әйелден
Қайтеді уақытша қақ бөлінсек?
Сондағы менің жауабым:
Көрейік жауаптасып өлеңменен.
Бұл жерде жағдайың бар төмендеген.
Есенқұл баспалатпай қоя тұршы,
Бассам да мен жеңемін денемменен, – деген айтыстарымыз осы күнге дейін ел аузында. Есенқұлмен тағы мына Семейде айтысып отырмыз. Әкежан Қажыгелдиннің ол кезде премьр-министр болып тұрған кезі еді. Оның әкесі Семейдегі Абайдың тойында қазылар алқасының төрағасы болды. Содан бізге кәдімгі көп қысым көрсетіп, үйтіп айтыңдар, бүйтіп айтыңдар деп, білгішсінгендер көп болды. Соның өзінде біз Есенқұл екеуміз аналардың сөзін тыңдамай, тақырыптан көп шығып кетіп жырладық. Олар үкіметті, Президентті, Абайды мақта дейді. Еш сын айтпа дейді. Солармен ерегісіп, бұлардың финалына шықпасақ та айтайық деп, екеуміз Семейде бір сағат айтысқанбыз. Сол айтыстың ішіндегі кереметі біздің айтыс болды. Сонда мен:
Опасыз елін сатқан қауымдайын.
Айтпадық біз кешеден ауыл жайын.
Ел жайы түзелуден кетті Есенқұл,
Сары ауру өтіп кеткен бауырдайын
Жоқты айтсаң құрисың деп, Волга тұр
Жаңа піскен қауындайын, – дедім. Көзді қызықтырып «Волга береміз» деген ғой.Сол айтыста Семейдің зиялы қауымы екеуміздің бір сағаттық айтысымызды үнсіз, шыбынның ызыңын шығармай тыңдады. Бізде алдын ала келісіп алу деген болмапты. Тек Есенқұлға «жоқты, халықтың жайын айтпасаң құрисың» дегенім рас. Есенқұл сонда «Әселхан, менің де ішім күйіп барады. Сен айтшы, мен саған қосыламын» деп бірден азаматтық танытты. Алайда, өкінішке орай сол айтысымыз сақталмапты менде. Алайда айтыста халықты ауыр қиялда қалдыруға болмайды. Сондықтан Есенқұл жұртты күлдіру үшін соңын қарай әзілдеп:
Күйеуің сенің Баянбай.
Қал жасы бар қояндай.
Түсіп қалса астыңа,
Қалуы мүмкін оянбай ееееей, – деп, желдірмелетіп жіберді.
Сол-ақ екен, халық деген бірден оған ду қол шапалақтап кетті. Біреулер айқайлап жатыр. «Есенқұлды өмірі осы Әселхан жеңіп кетеді. Әселханға енді сөз бермей қойайық» деп. Топырағың торқа болғыр Тұманбай аға айтты. «Әселхан оңтүстіктің қызы ғой, оған бір ауыз сөз берейік. Ал, енді финалға шығу, шығармау біздің еркімізде» деп. Сондағы Есенқұлға берген жауабым мынау болды:
Бұл қалай Есенжанау желіккенің?
Желігіп осы тойға келіп пе едің?
Күйеуін басты деген не сұмдық ол?
Келіннің астында қап-ай көріп пе едің? Ааааай, – дедім. Сондағы жұрттың бәрінің сілесі қата күліп, екеумізді қол ұстастырып финалға шығарып жіберген. Әбдікәріммен де ондай айтыстар көп болды. Оған мұртың бар деп, тиісетінмін.
– Жаңа бір сөзіңізде асау атқа бас білдірдім дедіңіз. Ондай іске қыз түгілі, ерлердің көбінің жүрегі дауламайды. Аттан құлап, бір жеріңізді майып қылып қиналмадыңыз ба?
– Асау аттан көп құладым. Бірақ Алланың өз назарында болдым ба? Періштелер қағып кете ме? Тіпті ат інге аяғын тығып алып, құлағанда астында қалып кетесің. Сонда да еш жерім ауырмады. Тіпті бір құлағанда, жыңғылдың түбіртегіне құладым. Оны шешеме айтуға қорықтым. Кәдімгі дөңгеленіп, қаумалап өскен жыңғылдың үшкір болып шабылған түбіртегі, соның ортасына басым келіп кептеліп қалды. Сонда да құдай мені сақтап қалды. Сол асау атқа бас білдіріп жүрген де бір жеріме дақ түспеді. Менімен тетелес ағам Әкімшінің біресе бұғанасы сынады, біресе қолы сынады. Осыдан соң өз тағдырыма, таң қаламын Алла тағаланың шарапаты шығар көрсеткен!
– Өмірде қаншалықты жоғары биікке шықсаңыз, сол биіктен құлайтын да кездер болады. Мұндай жағдайларда қалай тұрдыңыз? Қиын болмады ма?
– Мен өзі жасықтаумын. Көп жыладым. Көз-жасым деген ағыл, тегіл болатын. Бір қатты жылаған кезім есімде. Осы Әбдікәрімді жюрилер айтыста құлатып жіберді. Құлататындай айтысында бүлініп кеткен түгі жоқ. Ана Манғолиядан келген қарсыласына жеңге деп әзілдеген. Сенсеңдер сол құлағаннан кейін Әбдікәрім қайта айтысқа шыға алмай қалды. Тура Құлагердің басын шапқан Батыраштай күй кештім. Сонда үш күн жыладым. Қоя алмаймын! Әбдікәрім ойнап-күліп жүр. Ал, менің көзімнен жас кете береді, аға береді. Сол үзеңгілес серігімнің қайта айтысқа түспейтінін сезгендеймін. Мен онда жылайын деп жыламаймын, құдайдың өзі көзімнен жас шығарады. Сөйтіп үшінші күні бар ойымды сахнаға шыққанда айттым. Жүрсінде жазулы. Жюриге де бәріне оңдырмай айтқанмын. Айтып жатқанымда Жүрсін, «Әселхан, жетті ғой енді. Айтысыңа көш» деді. Бұл менің айтыстағы ең үлкен қасіретім еді. Кейіннен Әбдікәрімге облыстық айтыс та бас бәйге де әперіп көрдік, қайта-қайта тартып көрдік, еш жүрмей қойды ғой бала. Болмаса одан мықты айтыскер жоқ еді. Оның суырып-салмалығы, оның сөз тапқыштығы, уәж тапқыштығы, күлдіргілігі ешкімге ұқсамайтын. Әкесі Манап қой оның, тұлпардың тұяғы ғой. Біз жюрилерден осындай да қорлық көргенбіз. Содан бері Әбдікәрім айтыстан көрінбей кетті.
– Айтыс деп жүріп, үйге қарайтын уақытыңыз болды ма? Қанша баланы дүниеге әкелдіңіз?
– Бес баланың анасымын. Он алты, он жеті немере бар. Құдайға шүкір! Үлкен қызым Айгүл қазір Түркістанда тұрады жұбайымен. Үш баласы бар. Айбол деген балам, асаба болып жүр. Ән де салады «Бауырлар» дуэтінде. Ол баланың үйінде Гүлмайра деген келін мен екі бала, екі қыз бар. Одан кейінгісі Нұрбол деген бала. Денсаулығы жоқ. Бірақ жаны таза оның да. Жүрегі таза сондай. Оның қасында Ұлжан деген келіншегімен Дәулетхан деген баласы бар. Енді мынау Ғани деген ұлдың кішісі. Мұнысында Мадина деген келінім, олардан туған үш қыз, екі бала бар. Осы менің мейманымды күтіп, шығарып салатын сол Мадина мен Ұлжан деген келіндер. Кенже қызым Фариза «Қазақстан-Шымкент» арнасында қызмет атқарады. містейді.
– Шәуілдірді неге Шымкентке немесе Алматыға ауыстырмадыңыз?
– Шымкентке қоныс аудару ойымда бар еді. Алматыға кезінде көшіп кел, үй де береміз дегендер болды. Оған мен осы Отырар мен Арыстанбабты қимадым. Отырар төбеге анда-санда шығып, Арыстанбаб атамызға зиярат етіп тұрамын. Соны қимадым! Мұрат Жұрынов Түркістандағы университетті басқарып тұрғанда, Түркістанға шақырды. Сол кезде де бас тарттым. Осы жердің ауасы, наны жібермеген шығар?! Қазір де осы жерді қимаймын. Бірақ, келіндеріме ауа-райы жақпай жатыр. Түшкіреді, пысқырады. Алабота деген шөп бар бізде. Соған аллергиялары шығып, таңдайлары қурап, дем жетпей кейде ауырады. Содан Шымкентке көшуді ойлап жүрмін. Біздің ауамызға уран да қосылуда. Уранға бауырымыздың сүзегі жыртылды деп, мен кезінде «Қазақ әдебиетіне» жаздым. «Қазаққа обал дейтұғын қазақта еркек тумады» деп. Одан соң үлкен қимыл болған кезінде. Сөйтсем бір күні келіпті маған, «Апай не айтасыз? Үй сал десең, үй салып берейік. Жағдайыңызды істейік, мына өлеңіңізді қойыңызшы. Осыдан кейін жазбаңызшы» деді. Мен оларға «Үйдің қажеті жоқ. Маған мына үйді Бердібек Сапарбаев әперген. Осы үй жетеді. Мен бұл өлеңді дүниеге сатайын деп, жазғаным жоқ. Ана урандарыңды алып кетіңдер немесе азайтыңдар» деп айттым. «Әйтпесе ашық қалдырып жатырсыңдар, оны жауып кетіңдер. Оның суын ішкен жылқы өліп жатыр, түйенің ботасы шала- жансар туылуда. Сендер мына жолмен уранды алып өткенде, келіндер ауырып, түсік тастап жатыр. Сендер осыны білесіңдер ме?» деп, оларды ұрсып қайтардым.
– Қазіргі әкімдер енді Шымкенттен үй беруге құлықты ма?
– Шынымды айтсам, Мырзахметовтен үй сұрағанмын.! Бір-екі жыл болды сұрағаныма. Бұл жігіт уәде берген. Уәдесін орындайтын шығар деп жүрмін әлі.
– Сізге әлі күнге айтысқа қатысуға шақыртулар келе ме?
– Айтысқа емес енді, қазылар алқасына шақырады. Құрметті қонақ болыңыз деп те шақырады. Оған да рахмет!
– Әңгімеңіз үшін үлкен рахмет, апа!
– Сендерге де шығармашылық табыс тілеймін.
Сұхбаттасқан – Арай ЕСЕНБЕК